Жаңалықтар

Ядролық сынақ салдарынан зардап шеккендердің өтініші қаралмайтын болды

Семей полигонында зардап шеккен азамат Конституциялық сотқа жүгінді/фото: shutterstock

Конституциялық сот ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен халықты әлеуметтік қолдау туралы норманы қайта тексеруден бас тартты.

Бұған азаматтың «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңның 13-бабының Конституцияға сәйкестігін қарау туралы өтініш себеп болған.

Бұл бапта радиациялық қауiптi аймақтарда тұратын азаматтардың қосымша еңбекақы алуға және жыл сайын ақысы төленетiн қосымша демалыс алуға құқығы бар.

«Өтініш берушінің ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азамат ретінде заңда белгіленген ресми мәртебесі жоқ. Алайда ол іс жүзінде жоғары радиациялық қауіп төнген аймақта өмір сүріп, еңбек еткендіктен, дауланып отырған нормада көзделген әлеуметтік қолдау шараларына құқығы бар деп есептейді», – делінген ақпаратта.

Конституциялық сот өтініш берушіге осы норманың Конституцияға сәйкестігін бұрын тексергенін еске салды. Ол кезде зардап шеккен адамның қай жерде тұратынына қатысты қандай да бір айырмашылық кемсітушілік болып табылмайды деген қорытынды шыққан.

Сондай-ақ Конституциялық сот бұл нормативтік қаулы өзінің заңды күшін сақтайтынын атап өтті.