
Asar-Ume қайырымдылық қорының президенті Асхат Нұрмашев қор жұмысына жетекшілігі үшін 1 млн теңге жалақы алады. Ол TalkLike YouTube арнасына берген сұхбаты барысында мұндай жалақы мөлшерін қалай бекіткенін түсіндіріп берді.
Асхат Нұрмашевтың айтуынша, бүгінде «Асар Уме» қорында 15 адам жұмыс істейді. Соның ішінде ең жоғары жалақы – 1 млн теңгені өзі алады. Мұндай жалақы оған 2024 жылдан бері төленеді. Ал 2023 жылы 500 мың теңге алып келген. Асхат Нұрмашев мұндай жалақы экономикалық ахуал мен Алматыдағы өздері сияқты жүктемемен жұмыс істейтін ұқсас ұйымдардағы орташа жалақыға негізделіп алынғанын айтады.
«Бізге директор табу оңай емес. Өйткені хабарландару бойынша келген адамдар жүктемені түсінеді. 2023-2024 жылдары біз 300 отбасыға баспана сыйладық. 170-150 баланы бір жылдық жобамен қамтыдық. Директор оны көреді де 1 млн – 1 млн 200 мың теңге жалақы сұрайды. Ол «жауапкершілігім үлкен, халықтың ақшасымен жұмыс істеймін, ел бойынша 300 ерікті, кеңседе 15 адамым бар» дейді де 1 млн теңге жалақы сұрайды. Ал бізде 1 млн жалақы менде. Біз қарар бойынша директорға ондай жалақы төлей алмаймыз. Сондықтан бұл жалақы атқаратын жұмыс жүктемесіне сай деп санадық, – дейді ол.
Сондай-ақ ол қор қызметкерлері «халықтан жиналған ақшаға бизнес класспен ұшады» дегенді жоққа шығарды. Ал кейде 5 жұлдызды қонақүйде жататынын мойындады. Онда да қонақүйлер серіктес ретінде 30-50 пайызға дейін жеңілдік жасайтын көрінеді. Ал кең номерлер алған жағдайда ақша үнемдеу мақсатында онда 5-6 адам тұратынын жеткізді.
Асхат Нұрмашев қор жұмысына үнемі аудиторлық аудит жүргізілетінін, соған сай, қордың шығыны 6,2 пайыз екенін атап өтті. Сөзінше, қайырымдылық қорларына жиналған қаржының 20 пайызына дейін шығындарға жұмсауға рұқсат етілген.
Асхат Нұрмашев бұған дейін Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты іске куә ретінде қатысып, Перизат Қайрат басқарған қорға не үшін 200 млн теңге аударғанын айтып берген.