Елдегі алғашқы крематорийді Алматы әкімдігінің меншігіне беру мәселесі қаралып жатыр

Құрылысы аяқталып, әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген елдегі алғашқы крематорийді Алматы қаласының меншігіне беру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы қалалық Құрылыс басқармасы KursivMedia-ның сауалына берген жауабында мәлім етті.
Басқарма мәліметінше, крематорий толықтай дайын.
«Бүгінгі таңда крематорий нысанын Алматы қаласының коммуналдық меншігіне беру және Басқармамен «Қалалық патологоанатомиялық бюро» КМК арасында қабылдау-беру актісі бойынша жұмыстарды жүргізу қаралуда», – делінген басқарма жауабында.
Редакцияға жолданған жауапта крематорий ғимараты 2024 жылы кепілдік міндеттемелер шеңберінде косметикалық жөндеуден өткізілгені айтылады.
Крематорийдің құрылысы мен сыртқы инженерлік желілерді тартуға жиыны 1,7 млрд теңге жұмсалған.
Бұған дейін, мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Қазақстандағы алғашқы крематорий 2021 жылы толық салынып біткеніне қарамастан, қай мекеменің балансында болатыны шешілмегендіктен, әлі күнге дейін пайдалануға берілмегеніне назар аударған.