Газ есептегіш көрсеткіштерін алу үшін ЖИ қолданыла бастады

QazaqGaz Aimaq ЖИ қолдану арқылы газ есептегіш құрылғыларының көрсеткіштерін автоматты түрде жіберуге арналған мобильді қосымшаны енгізе бастады. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады.
Цифрлық қызмет қазіргі таңда Қызылорда, Қостанай және Түркістан облыстарында сынақтан өтіп жатыр. Қосымшаны 7 мыңнан астам тұтынушы жүктеп үлгерген, алғаш болып игілікті Түркістан облысының пайдаланушылары пайдаланған.
«Қосымшаның жұмыс істеу қағидасы қарапайым: тұтынушы есептегіштің фотосуретін түсіреді, ал жасанды интеллект негізіндегі жүйе мәліметтерді автоматты түрде таниды және өңдейді. Бұл бақылаушының келу қажеттілігін жояды, шоттардың жасалуын жеделдетеді және қателерді барынша азайтады», – делінген хабарламада.
QazaqGaz Aimaq компаниясының мәліметінше, сервис операторларға түсетін жүктемені азайтып, есеп айырысудың ашықтығын арттыруға әрі халық арасында газды ұқыпты тұтыну мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жақын арада қосымшаның функционалы кеңейтіледі деп күтіліп отыр. Тұтынушылар төлем тарихын көру, есептегіштерді тексеру мерзімдері туралы ескертулер мен газ желілеріндегі жоспарлы жұмыстар туралы хабарламалар алу мүмкіндігіне ие болмақ.
Сондай-ақ виртуалды көмекші мен адал тұтынушыларға бонус пен кэшбек түрінде ынталандыру жүйесі енгізіледі деп күтіліп отыр.
Бұған дейін, Денсаулық сақтау министрлігі диагнозды 80% дәлдікпен қоя алатын ЖИ-терапевт сервисі сынақтан өтіп жатқанын хабарлаған.