Alatau City Bank AIX биржасында коммерциялық облигация орналастырды

2025 жылғы 28 шілдеде Alatau City Bank (бұрынғы Jusan Bank) Astana International Exchange (AIX) алаңында жалпы сомасы 200 млн АҚШ долларын құрайтын коммерциялық облигацияларын орналастырды.
AIX нарықтар мен өнімдер жөніндегі басқарушы директоры Біржан Астаевтың айтуынша, «бұл — AIX алаңындағы алғашқы коммерциялық облигациялар шығарылымы`».
Банк 500 млн АҚШ долларына дейінгі көлемде коммерциялық қағаздар бағдарламасын тіркеген алғашқы эмитент атанды. Бүгін орналастырылған транштар төмендегідей:
- 12 айлық облигациялар – 100 млн доллар, номиналы 10 000 доллар, орналастыру бағасы 96,15% (табыстылығы шамамен 4% жылдық).
- 6 айлық облигациялар – 100 млн доллар, номиналы 10 000 доллар, орналастыру бағасы 98,08% (табыстылығы шамамен 3,93% жылдық).
Қағаздар купонсыз, яғни дисконтпен орналастырылды. Валютасы – АҚШ доллары. Биржалық код (ISIN) – KZX000004866. Бір облигацияның атаулы құны – 10 000 доллар.
Коммерциялық қағаздар AIX-тің Debt Exempt тізіміне енгізілді. Айналым мерзімі – 6 және 12 ай.
«Alatau City Bank» – бұрынғы First Heartland Jusan Bank деген атпен белгілі қаржы ұйымы. 16 маусымда банк ребрендинг жасап, ресми түрде атауын өзгертті. Ал 4 шілдеде жаңа атаумен қайта лицензия алды. 11 шілдеде миллиардер Вячеслав Ким банктің 100 пайыз акциясын толық сатып алды.