Азия даму банкі Қазақстан экономикасына қатысты болжамын қайта қарады

Азия даму банкі (ADB) Қазақстан экономикасының 2025 жылға арналған өсім болжамын 4,9%-дан 5,1%-ға дейін көтерді. 2026 жылға арналған болжам да 4,1%-дан 4,3%-ға қайта қаралды.
Экономикалық өсімнің жақсаруына мұнай өндірісінің артуы әсер еткен. Бұл өзгеріс, әсіресе, Теңізді болашақ кеңейту жобасының іске қосылуымен байланысты болып отыр.
2025 жылдың бірінші тоқсанында елдің ішкі жалпы өнімі 5,6%-ға өсті. Өсімге көлік саласы (21,0%), құрылыс (16,9%), өңдеу өнеркәсібі (8,7%) және кен өндіру саласы (6,1%) ықпал етті.
Салық түсімдерінің ұлғаюы үкіметке негізгі капиталға инвестиция мен әлеуметтік шығындарды арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ ОПЕК+ шешімімен мұнай өндіру көлемінің көбеюі де экономикалық белсенділікке қолдау болды.
Сонымен қатар банк Қазақстандағы инфляция болжамын 2025 жылға 10,2%-ға дейін (бұрын 8,2%) және 2026 жылға 8,4%-ға дейін (бұрын 6,5%) көтерді.
Бұл өңірдегі инфляциялық қысымның өсуімен байланысты. Кавказ бен Орталық Азия бойынша жалпы инфляция 2025 жылы 7,8%, 2026 жылы 6,7% болады деп күтіледі.