
Қазақстандық опера әншісі Әйгерім Алтынбек Италияның Портофино қаласында өткен халықаралық опера әншілері байқауы — CLIP (Concorso Lirico Internazionale di Portofino)-да 1-орын иеленді. Бұл туралы әнші өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышпен бөлісті.
«Аллаға шүкір, 1- орын! Сіздермен керемет қуанышты жаңалығыммен бөліскім келеді!» — деп жазды Әйгерім.
Биылғы CLIP байқауына 50-ден астам елден 200-ден аса әнші өтінім жіберген. Олардың ішінен 92 вокалист тікелей тыңдауға шақырылып, жартылай финалға 22 қатысушы өткен. Ал финалдық кезеңге тек 10 үздік вокалист жолдама алған. Әйгерім сол үздіктердің арасынан суырылып шығып, бас жүлдеге ие болды.
«Бұл мен үшін ерекше тәжірибе болды. Алдағы уақытта бұдан да үлкен асуларды бағындырам деген сенімдемін», – деді әнші.
CLIP — әлемнің түрлі елдерінен талантты опера әншілерін біріктіретін беделді халықаралық байқау. Италияның опера өнеріндегі тарихи орны мен дәстүрлерін ескерсек, мұндай деңгейдегі жеңіс – үлкен жетістік.
Айта кетейік, Әйгерім Алтынбек бұған дейіін әлемнің ең беделді театрларының бірі — Италиядағы «Ла Скала» академиясына қабылданып, Андреа Бочеллимен бірге ән шырқаған еді.