Алматы тауларында 20 жастағы жігіт жоғалып кетті

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Алматы тауларында 20 жастағы жігіт жоғалып кетті / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, құтқарушылар тауда жоғалып кеткен 20 жастағы жігітті екінші күн іздестіріп жатыр. Іздеу жұмыстары ауа райының қолайсыздығына байланысты қиындай түскен.

27 шілде күні таңертең Алан есімді жас жігіт тауға жалғыз өзі кеткен. Сол күні сағат 23:02-де Медеу ауданында іздестіру-құтқару жұмыстары басталды.

Бұл уақытта тауда жаңбыр мен бұршақ жауып, 4000 метр биіктікте қар түскені хабарланды.

Іздеу жұмыстары 4147 метрлік Биік Жастар шыңының маңында басталған. Оған «Медеу» құтқару бекетінен республикалық жедел-құтқару жасағы және «Тұйық-Су» бақылау-реттеу бекетінен құтқарушылар жұмылдырылған.

Жастар, Титова және Т1 шыңдарының төңірегі түгел тексерілгенімен, әзірге ешбір ізі табылған жоқ. Мыңжылқы шатқалында ТЖД қызметі мен еріктілердің қатысуымен жедел штаб құрылған. Іздеу жұмыстарына дрондар да тартылған.

«Қазаэронавигация» мекемесінің тікұшағы көмекке дайын тұрғанымен, тауда ауа райының қолайсыз болуына байланысты әуе рейсі іске қосыла алмай отыр. Бұл аймақта 1800 метрден жоғары тұман байқалып, найзағай мен жел екпіні секундына 20 метрге дейін жетіп отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін 2 шілде күні тауға шығып, хабар-ошарсыз кеткен 18 жастағы Нұрислам Ақылбековтің мәйіті табылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз