
27 шілде күні таңғы сағат 08:50-де Алматы – Екатеринбург тас жолының 299-шақырымында жантүршігерлік жол апаты болды. Toyota Land Cruiser 200 автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Бұл туралы Жамбыл облысының полиция департаменті хабарлады.
Ресми ақпаратқа сәйкес, апат салдарынан екі адам көз жұмды, тағы екі адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Қазіргі таңда аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің «Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полиция оқиғаға қатысты зардап шеккендердің нақты есімдерін атамады. Алайда Tengrinews.kz дерегінше, апат болған көлікте UFC жұлдызы Шавкат Рахмоновтың әйелі Гүлайым Рахмонова мен ұлы болған.
Желіде тараған мәліметке сүйенсек, апат Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында болған. Гулайым Рахмонова ұлымен және екі құрбысымен Қарағандыдан Алматыға бет алған. 296-шақырымда көлік аударылып кеткен. Оқиға орнында 39 жастағы әйел қаза тапқан, ал 35 жастағы екінші жолаушы ауруханаға барар жолда көз жұмған. Ал Рахмонова мен оның ұлы Шу қаласындағы ауруханаға жеткізілді, жағдайлары – орташа ауыр.
30 жастағы қазақстандық спортшы Шавкат Рахмонов – аралас жекпе-жектен әлем чемпионы, самбодан спорт шебері. 2014 жылдан бері кәсіби деңгейде өнер көрсетіп келеді. 2020 жылдан бастап UFC-де Қазақстанның атынан қатысып жүр. Бүгінде UFC-де 7 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Соңғы жекпе-жегінде Иэн Гэрриді төрешілер шешімімен жеңген болатын.
Еске сала кетейік, Шавкат Рахмонов 26 шілде күні Абу-Дабиде Асу Алмабаевтың жекпе-жегіне барып қолдау көрсеткен еді.