
Германияның Дуйсбург қаласында өткен 2025 жылғы Жазғы Универсиада өз мәресіне жетті. Салтанатты жабылу рәсімімен аяқталған халықаралық додада Қазақстан студенттер құрамасы бейресми медаль есебінде 37-орынды иеленді.
Қазақстандық спортшылар жарыс барысында бар болғаны үш спорт түрінен бір алтын және он қола медаль еншіледі. Универсиадаға Қазақстаннан 75 студент аттанып, олар 12 түрлі спорт түрінен бақ сынады.
Соңғы төрт күн ішінде Қазақстан құрамасы жалпы есепте 23-орыннан 37-орынға дейін сырғыды. Жарыстың соңғы күні академиялық ескек есу спортынан ерлер құрамасы (Тимур Фомичёв, Ярослав Мельников, Владислав Галкин және Иван Чернухин) финалға жетіп, 1500 метр қашықтықта алтыншы болып келді – 6:32.41.
Бейресми медаль есебінде сенсациялық түрде көш бастаған Жапония құрамасы 79 медаль жеңіп алды, оның 34-і – алтын. Бұл көрсеткішпен олар Қытай мен АҚШ-ты артқа тастады.
Келесі Жазғы Универсиада 2027 жылы Оңтүстік Кореяның Чхунчхондо қаласында өтеді.