
АҚШ пен Еуроодақ басшылары сауда қатынастарына қатысты жаңа келісімге келгенін мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, енді Еуропадан келетін тауарларға 15% көлемінде кедендік тариф салынады.
Келіссөздер Шотландиядағы Трамптың гольф-клубында өтті. Бұл сапар ресми түрде «жеке іссапар» деп сипатталғанымен, екіжақты келіссөздер өтті. Пресс-конференцияда Трамп Еуропа елдері АҚШ-тан алдағы төрт жылда 750 млрд доллар көлемінде әскери техника мен энергия ресурстарын сатып алуға, сонымен қатар, Америка экономикасына 600 млрд доллар инвестиция салуға келіскенін жеткізді.
Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен бұл келісімді «қатаң әрі тиімді келіссөздердің нәтижесі» деп бағалап, «үлкен мәміле» деп атады.
Дегенмен, бұл келісімнің кейбір тұстары нақты ашылмаған. Еуропа тарапынан америкалық бірнеше тауарға бұрынғы немесе жаңа кедендік салықтар сақталуы мүмкін, бірақ қандай өнімдер екені айтылмады.
Сонымен қатар, Трамп айтқан 600 млрд долларлық инвестиция туралы да түсініксіз жайттар көп. Бұл қаражат қандай мерзім ішінде, қай салаға және нақты қандай жобаларға бағытталатыны ашық айтылмады.
Айта кетейік, АҚШ-тың 50 пайыздық болат пен алюминийге арналған кеден салығы бұл келісімге қарамастан, күшінде қалады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Еуропалық Одақ пен АҚШ бір-біріне 30% кедендік баж салығын салмақ еді. Сондай-ақ, АҚШ 1 тамыздан бастап Қазақстаннан импортталатын тауарға 25% баж салығын енгізген еді. Алайда Үкімет Трамптың салық саясатының Қазақстан экспортының 95%-на еш әсер етпейтінін мәлімдеген еді.