Араб әйелдері неге қара киім киеді?

Жарияланды 28 Шілде 2025 14:29

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General News бөлімінің тілшісі s.ostemir@kursiv.media
Араб әйелдерінің қара түсті киімінің тарихы жәһилият дәуірінен басталады /  shutterstock
Араб әйелдерінің қара түсті киімінің тарихы жәһилият дәуірінен басталады / Фото: shutterstock

Араб әйелдері ұдайы кең тігілген қара түсті көйлек киіп, басынан ғабаясын тастамайды. Ал еркектерін ақ түсті ұлттық киіммен көруге болады.

Араб түбегі ми қайнатар ыстық. Ақ түсті матаның адамның денесін күн сәулесінен жақсы қорғайтыны мәлім. Ал қара түс керісінше күн тартады. Бір қарағанда, қара киім шыжыған күнде мүлде қолайсыз екені түсінікті.

«Үйден алыс кетпесін!» деген пікір фейк пе?

Бұл жайт араб әйелдерінің құқығына қатысты түрлі алып-қашпа әңгіме тарауға түрткі болып отыр. Мәселен, «әйел адам үйінен алыс шықпасын» деген пиғылмен қара түсті киімді әдейі кигізеді-мыс.

Араб әйелдері үшін ұлттық киімнің түсі неліктен қара болып шыққанын екінің бірі біле бермейді. Тіпті, көп арабтардың өздері де бұдан хабарсыз. Дәстүріміз деп, байыбына бармай ұстана беретіндері де, исламмен тікелей байланыстырып жүргендері де бар.

Қара мата – сән салтанат белгісі

Шынтуайтында, оның тарихы тереңде екен. Араб тарихшыларының дерегінше, Ислам діні пайда болмай тұрып, Араб түбегінде бар ғұрып көрінеді. Бірақ ол кезде қара түсті киімді екінің бірі кие алмаған.

Біріншіден, көне дәуірлерде мата қат. Ал қара түстісі тіпті сән-салтанат белгісі ретінде танылған. Өйткені оның бағасы тым қымбат. Сондықтан екінің бірінің қол жеткізе алмайтынын айтып жату артық. Бақуатты, текті әулеттің әйелдеріне ғана бұйырған. Қара түсті киім әйелдің қоғамдағы мәртебесін айқын көрсеткен.

Қара түсті киім киген әйелдер қалай жазаланған?

Екіншіден, жәһилият дәуірінде текті әулеттен шықпаған әйелдердің қара түсті киім киюіне тыйым салынған. Өйткені арабтарда текті әйелге ерекше құқық берілген. Араб тайпаларының арасында «жаугершілік заманның өзінде мәртебесі жоғары әйелді жәбірлеуге болмайды» деген байлам болған. Сондықтан текті әулеттен шықпаған әйел қара түсті киім кисе, «алдамшы, өзін ақсүйек деп көрсетуге ұмтылды» деп есептеп, қатаң жазаға тартқан. Тіпті, бұл үшін өлім жазасына да кесілген.

«Ерекше құқыққа» барлық әйел қалай қол жеткізді?

Үшіншіден, араб әйелдерінің жаппай қара түсті киім киюіне рұқсат берген ислам екені даусыз. Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) араб әйелдерін мәртебесіне қарамай, қара түсті киім киюге шақырыпты. Ондағы мақсаты – қарапайым әйелдердің құқығын текті әйелдермен теңестіру, барлық араб әйелдеріне «ерекше құқық» беру.

Қазір жәй ғана сәнді түс

Төртіншіден, қара түс қазіргі уақытта араб әйелдері үшін дәстүр ғана емес, жай ғана сән. Өйткені қара түсті көйлектер сән үлгісінен ешқашан қалған емес. Бай араб елдерінде әйелдердің басындағы ғабаясының ең арзаны 2 мың доллар тұрады. Үлбірек қымбат матаны қолмен жууға болмайды. Арнайы орындарда заманауи технологиялармен ғана тазартылады.

Әйтеуір, Біріккен Араб Әмірліктерінде «Араб әйелдері неге үстінен қара түсті киімді тастамайды» деген сауалға осындай жауап айтылады.

Қалай десек те, бұл – арабтардың тарихы, дәстүрі. Үндістанда да әйелдер ұлттық киімін – сариді ұнатады.

Қазақстанда арабша қара киім киюді құптамайды

Ислам дінін ұстанатын, әйелдерінің бостандығы соншалықты тапталмаған басқа халықтар шариғатқа сай киінгенімен, қалауынша түрлі түсті киім кие берген. Соңғы кездері Қазақстанда да арабтарға еліктеп, қара түсті киім киген әйелдер көбейе бастады. Алайда қазақ қоғамы мұны құптамайды. Өз дәстүрлерін сақтап қалуды қалайды. Тіпті, президент Қасым-Жомарт Тоқаев «бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық» деп пікір білдірген еді.

Сондай-ақ оқыңыз