
Шаолинь ғибадатханасының өкілдері басшысының тергеуге алынғанын жария етті. Оған бірнеше айып тағылып отыр.
CNN ақпаратына қарағанда, ол «ақша ұрлады» және «әйелдермен қатынас құрды» деген күдікке ілінген. Шаолинь ғибадатханасы – Қытайдағы ең танымал орындардың бірі. Оның басшысы Ши Юнсинь «монах-бас директор» деген атпен танылып отыр.
Ол будда ғибадатханасын коммерциялық империяға айналдырып үлгерді. Ши Юнсиньнің үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде «ақша ұрлады» – «ғибадатхана жобалары мен активтерінің қаржысына заңсыз иелік жасады» деген айыптар да бар.
Мәлімдемеге сенсек, 59 жастағы монах – Шаолинь ғибадатханасының басшысы будда қағидаларын бұзып, ұзақ уақыт бойы бір емес, бірнеше әйелмен қарым-қатынас құрған. Сөйтіп жүріп, бір нәресте сүйген көрінеді. Дәстүр бойынша, будда монахтары үйленбеуі, әйелдермен қарым-қатынас жасамауы тиіс.
Мұның алдында Қытай халық санын көбейту үшін әр балаға жәрдемақы төлейтінін жария еткен едік.