Қазақстанда автокөлік тарихын екі минутта тексеретін қызмет пайда болды

Қазақстан нарығында автокөлік тарихын тез тексеруге арналған Autocheck жаңа цифрлы қызмет пайда болды. Платформа ресми дереккөздерге сүйене отырып, 20 параметр бойынша мәліметтерді сараптайды. Бұл туралы Қазақстан автомобиль одағының (ҚАО) президенті Анар Мақашева мәлімдеді.
Бұл қандай қызмет?
ҚАО кез елген автокөлік тарихын білуге арналған онлайн-қызметті таныстырды. Жаңа платформа 20 параметр негізінде мәлімет береді. Олардың арасында жол апаты, автокөлік жүрісі, қожайындар саны, қанша рет жөнделгені және сақтандыруға қатысты дерек ұсынады.
Қолданушыға есеп алу үшін VIN-номерін, болмаса мемлекеттік нөмірі мен техпаспортын енгізу керек. Мәліметтердің бәрі ресми және коммерциялық базалардан түседі. Олардың ішінде сақтандыру компаниялары мен жөндеу қызметтері де бар. Сол кезде автокөлік тарихы шығады.
Дилерлер мен сатып алушыларға маңызды
Статистикаға жүгінсек, Қазақстанда қолданыстағы автомобильдердің шамамен 90%-ы ұрылған, соғылған, апатқа ұшыраған. ҚАО өкілдерінің айтуынша, осы уақытқа дейін нарықта автокөліктің нақты қанша жүргенін немесе соғылғанын анықтайтын бірыңғай қызмет болмаған.
Жаңа қызмет іске қосылған соң, жағдай өзгеріп шыға келуі мүмкін. Дәл осыған ұқсас жүйе енгізілген соң, автокөлік жүрісін азайтып көрсету 35%-дан 24%-ға дейін төмендеген. Мұндай қызмет адал сатушыларға да тиімді. Соның арқасында әділетті баға қалыптасады.