Әзербайжан Украинаға газ жеткізеді

«Нафтогаз» украин компаниясы мен SOCAR-ға еншілес компания келісімге отырды. Әзербайжан елінде өндірілетін газ Трансбалқан дәлізі арқылы Украинаға жеткізіледі. Бұл туралы РБК хабарлайды.
Басылымның мәліметінше, Әзербайжан газы Болгария мен Румыния аумағы арқылы украин жеріне тасымалданады. Украина газды Венгрия, Словакия және Польшадан алып отыр.
Әзірге сауда келісімінің басқа да жай-жапсары жарияланбады.
«Навтогаз» басқарма төрағасы Сергей Корецкий оны «стратегиялық маңызды қадам» деп атаған.
РБК мәліметінше, өткен аптада «Нафтогаз» табиғи газ сатып алу үшін Укргазбанк пен ПриватБанктен 4,7 млрд грн кредит алған.
Шілденің басында украин жерасты қоймаларында табиғи газ қоры 8 млрд теңше метрден асты. Қоймалар 25,9%-ға толды, деп жазған New Voiсе украин басылымы. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19,6%-ға аз.
2025 жылдың алғашқы бес айында Украина 1,12 млрд текше метр көгілдір отын импорттаған. Олардың басым бөлігі Венгриядан (шамамен 60%), Словакия (23%) мен Польшадан (17%) жеткізілген.
Жыл басында украин билігі Әзербайжан газын Еуропаға транзиттеу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеген. Киев «Газпроммен» арадағы келісім мерзімін ұзартудан бас тартқан. Ресей газының транзиті 1 қаңтарда тоқтаған.