Халық саны күрт азайған Қытай әр балаға жәрдемақы төлейді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қытай халық санын көтеруге күш салады / фото: REUTERS/Go Nakamura
Қытай халық санын көтеруге күш салады / фото: REUTERS/Go Nakamura

Енді Қытай билігі үш жасқа дейінгі әрбір балаға жыл сайын 3600 юань (502 доллар) бөліп отырады. Өйткені Бейжің кейінгі жылдары халық саны күрт төмендеп кеткеніне алаңдап отыр. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлайды.

Қытай үкіметінің жаңа саясаты елдегі туу көрсеткішін көтеруді көздейді. Қаражат бала тәрбиелеу шығынынан аяқ тартатын жас ата-аналарға көмек ретінде бөлінеді.

Агенттіктің мәліметінше, Қытайда кейінгі үш жылда халық саны қысқарып келеді. 2024 жылы 9,54 млн бала дүниеге келген. Бұл 2016 жылғы көрсеткіштің жартысы ғана. Сол жылы бұл елде 18,8 млн бала тіркелген. Бейжің тоғыз жыл бұрын бір отбасыға бір бала саясатынан бас тартқан еді.

Соған қарамастан, әлемнің ірі екінші экономикасында жұмыс күші азайып барады. Сол себепті үкімет шара қолдануға мәжбүр.

БҰҰ мәліметінше, 2023 жылы Қытай әлемде халық көп тұратын ел атағынан айрылып қалды. Бұл атақты екі жылдан бері Үндістан иеленіп келеді.

Қазір Қытайда 1,411 млрд адам тұрады. Алайда халық саны 2050 жылға қарай 1,3 млрд адамға, ал 2100 жылы 800 млн адамға дейін қысқарып кетуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз