Қазақстанның қай өңірінде айыппұл көп салынады

2025 жылдың бірінші жартысында 128,1 млрд теңге өңірлердің жергілікті бюджеттеріне айыппұл, өсімпұл, санкция және өндірілген ақы ретінде түсті. Оның басым бөлігі – полиция мен сот орындаушылары салған әкімшілік айыппұлдар. Бұл туралы EconomyKZ.org жазды.
Басылым айыппұл көп жиналатын өңірлер рейтингін дайындады. Бұл ретте әр өңір халқының жан басына шаққанда айыппұлдағы үлесі ескерілген. Осылайша, Маңғыстау облысы айыппұл ең көп салатын аймақ екені анықталды. Мұнда айыппұл көлемі әр өңір тұрғынына шаққанда 43,66 мың теңгеден келеді. Бұл одан кейінгі орынға жайғасқан Алматы қаласынан (10,8 мың) төрт есе, ал Қостанай облысынан (2,29 мың) шамамен 20 есе көп.
Айыппұл көп салынатын бес өңір мен қала:
- Маңғыстау облысы – 43,66 мың теңге;
- Алматы – 10,8 мың теңге;
- Атырау облысы – 9,68 мың теңге;
- Астана – 7,44 мың теңге;
- Шымкент – 4,5 мың теңге.
Айыппұл көзі бойынша жекелеген рейтинг жасалған. Мәселен, полиция салған әкімшілік айып бойынша Алматы Алматы (9,9 мың теңге), Астана (6,2 мың теңге), Шымкент (4 мың теңге), Атырау (3,9 мың теңге) және Ақмола облысы (3,5 мың теңге) алда келеді.
Сот орындаушылары салған айыппұл бойынша тағы да Маңғыстау облысы бірінші орыннан көрінді – 40,5 мың теңге. Одан кейінгі орындарға Атырау (5,7 мың), Батыс Қазақстан (1,6 мың), Ұлытау облысы (1,1 мың), Астана (1 мың теңге) жайғасты.
2025 жылдың алғашқы алты айында Маңғыстау облысының бюджетіне 35,1 млрд, Алматы – 24,8 млрд, Астана – 11,4 млрд теңге түскен.
Сарапшылардың пікірінше, айыппұл көлемінің көптігіне екі түрлі баға беруге болады. Бір жағынан, бақылаушы органдардың жергілікті бюджетті толтыруға талпынысы өте жоғары. Екінші жағынан, аймақтарда тәртіп бұзу көрсеткіші жоғары болуы мүмкін.