
«Қайрат» – «KuPS» матчы кезінде 1,5 мың полиция қызметкері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің сайты хабарлайды.
Матч сейсенбі, 29 шілдеде, Алматы қаласындағы Орталық стадионда өтеді. Жергілікті «Қайрат» өз алаңында «KuPS» командасын қабылдайды. УЕФА Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойында алматылық футболшылар сырт алаңда 0:2 есебімен жеңіліп қалған. Бірінші кездесу 22 шілдеде Финляндияда өткен.
«Бұл матчқа көптеген жанкүйер жиналады. Осыған байланысты полицияның кешенді күштері күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді. Қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және көлік қозғалысын реттеу мәселелеріне ерекше назар аударылады», – деп хабарлады полиция.
Бұған қоса, ішкі істер органдары сейсенбіде Абай даңғылы – Байтұрсынов, Мұқанов және Сәтпаев көшелерімен шектелген аумақта автокөлік қозғалысы ішінара шектелуі мүмкін екенін ескертті.
Полиция тұрғындарға жолды жоспарлау кезінде осы ақпаратты ескеруге, қоғамдық тәртіпті сақтауға және полиция қызметкерлерінің талаптарына бағынуға кеңес берді.