Жаңалықтар

«Путиннен көңілім қалды»: Трамп Ресейге қойған ультиматум мерзімін қысқартты

АҚШ президенті Дональд Трамп / фото: REUTERS/Umit Bektas
АҚШ президенті Дональд Трамп / фото: REUTERS/Umit Bektas

Бұған дейін Ресейге атысты доғаруға 50 күн уақыт берген АҚШ президенті Дональд Трамп ультиматум мерзімі қысқарғанын мәлімдеді. Бұл туралы Reuters хабарлайды.

«Менің президент Владимир Путиннен көңілім қалды. Сол себепті мен оған бұған дейін берген 50 күнді қысқартамын», – деп мәлімдеді Трамп.

Қазір Трамп Шотландияда сапармен жүр. Бүгін ол Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен кездесті. Жүздесуден кейінгі брифингте Трамп ультиматум мерзімін 10-12 күнге қысқартқанын мәлімдеді. Жаңа талап бүгіннен басталады.

«Күтуге ешқандай себеп жоқ», – деп түсіндірді президент журналистерге. Себебі ол Украинадағы жанжалды реттеу мәселесінде ешқандай қозғалыс байқалмайды дейді.

Естеріңізге сала кетейік, Трамп 2025 жылғы 14 шілдеде Мәскеуден Украинамен арадағы жанжалды реттеуді талап етіп, 50 күнде орындалмаса «өте қатаң тариф» енгізетінін мәлімдеген. Содан бері Киев пен Мәскеу ортақ келісімге келе алған жоқ, көрші елдер арасындағы атыс та тоқтамады.

Кейінгі уақытта Трамп Ресей президентінен көңілі қалғанын жиі айтып жүр. Осының алдында ғана Вашингтон америкалық қару-жарақтарды Украинаға сатуға рұқсат берген.

Дегенмен Ресей Құрама Штаттармен диалогты үзгісі жоқ. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков осылай деп мәлімдеген.

Трамп Ресейге санкция салар болса, оның кесірі Қазақстанға да тиюі мүмкін. Себебі ол Ресеймен байланыс орнатқан елдерге де шектеу енгізетінін мәлімдеп үлгерген.