Ипотека алмас бұрын нені білу керек – сарапшылар кеңесі

Жарияланды 28 Шілде 2025 11:18

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Ипотеканы қиындықсыз төлеу үшін не істеу керек? / Фото: kursiv.media архиві

Ипотека – бұл маңызды қаржылық шешім, оған мұқият дайындық қажет. Krisha.kz сарапшылары банк мақұлдауын алып, несиені қиындықсыз өтеу үшін алдын ала қандай мәселелерге мән беру керектігін түсіндірді.

Бастапқы жарнаны жинаңыз 

Қазір бастапқы жарнасыз ипотека рәсімдеу мүмкін емес. Сондықтан банкке несие рәсімдеуге бармас бұрын, тұрғын үй құнының кемінде 20%-ын жинап қою қажет. Бастапқы жарнаға ақша жинау ипотекаға дейінгі жақсы дайындық. Мұны бюджетіңізді жоспарлау дағдысын қалыптастыратын жаттығу десе де болады.

Бастапқы жарнаны неғұрлым көп жинасаңыз, несие шарттары да соғұрлым тиімді болады және кредиттік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Несиелерді жабыңыз 

Ипотека сияқты ірі несие алмас бұрын, несиелік жүктемені азайтыңыз — бұрын алынған барлық несиелерді өтеген жөн. Біріншіден, бірнеше несиеге бір уақытта төлем жасау өте қиын, екіншіден, банк сіздің төлемдеріңізді көріп, өтінімді мақұлдамауы мүмкін.

Айта кететін жәйт, барлық несие бойынша ай сайынғы төлемдер табыстың 50%-ынан аспауы керек.

Несие тарихын тексеріңіз 

Банк, ең алдымен, қарыз алушының кредиттік тарихына назар аударады. Онда бұған дейін рәсімделген және қазіргі кездегі несиелер туралы мәліметтер көрініс табады.

Егер кредиттік тарих нашар болса, яғни төлемдерде кешігу, уақытында өтелмеген несиелер болған жағдайда, несие алу мүмкіндігі айтарлықтай төмендейді.

Кредиттік тарихты онлайн түрде eGov порталы немесе Бірінші кредиттік бюро (БКБ) арқылы білуге болады.

Егер бұрын бір рет кешіктірілген төлем болса, бірақ қазір толық өтелген болса, кредиттік бюроға барып, тарихты қалпына келтіру туралы өтініш беруге болады.

Ал егер мүлде кредиттік тарих болмаса, яғни бұрын-соңды несие, не бөліп төлеу рәсімделмеген болса, бұл да банктің өтінімді мақұлдау ықтималдығын төмендетеді.

Жұмыс орныңызды ауыстырмаңыз 

Көптеген банктер қазіргі жұмыс орнында кем дегенде алты ай үздіксіз еңбек өтілі бар қарыз алушыларға сеніммен қарайды. Егер жақын арада ипотека алуды жоспарласаңыз, жұмыс орныңызды ауыстырмауға тырысыңыз, бір жерде кемінде соңғы алты ай жұмыс істеу маңызды.

Жиі жұмыс ауыстыру немеса ұзақ уақыт жұмыссыз жүру де, банк тарапынан өтінімнің мақұлдануына теріс әсер етеді.

Зейнетақы жарналарын қадағалаңыз 

Ипотека рәсімдеген кезде табыстың ресми түрде расталуы, яғни зейнетақы жарналары мен барлық міндетті салықтардың төленуі маңызды. Егер қарыз алушы жалақының бір бөлігін «конвертпен» алатын болса (яғни салықсыз), ол табыс ретінде есепке алынбайды. Нәтижесінде, ресми табыс жеткіліксіз болып, банк өтінімді мақұлдамауы мүмкін.

Айта кету керек, кейбір банктер табысты растаусыз да ипотека береді. Алайда мұндай жағдайда несиенің шарттары қатал болады.

Зейнетақы жарналары нақты жалақыңыздан аударылып жатқанына көз жеткізіңіз. Ол үшін БЖЗҚ-дан есеп-қисабының көшірмесін алыңыз. Оны enpf.kz сайтынан, электрондық үкімет порталы (eGov.kz) арқылы немесе E-gov mobile қосымшасынан онлайн түрде алуға болады.

Егер бірнеше жұмысыңыз болса, банкке барлығын көрсетіңіз — бұл өтінімді мақұлдау ықтималдығын арттырады.

Қаржылық қор жинап қойыңыз 

Ипотекалық несие рәсімдеген кезде күтпеген жағдайларға дайын болу маңызды. Сол себепті, 2–3 айлық төлемге жететін соманы алдын ала жинап қойған жөн. Бұл қаражат ауырып қалу, жұмыстан айырылу сияқты келеңсіз жағдайлар туандап, төлем жасау мүмкін болмай қалған жағдайда көмекке келеді. Егер мұндай жағдайлар болмаса, жинақталған қаражатты ипотеканы мерзімінен бұрын өтеуге жұмсауға болады.

Сондай-ақ ипотека рәсімдегенде қосымша шығындар болады. Мысалы, мүлікті бағалау, сақтандыру сияқты рәсімдерге де белгілі бір қаражат қажет болады.

Еске салсақ, осыған дейін пәтерді жылдам сатудың 7 түрлі жолы жайлы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз