Jetour жаңа гибридті кроссоверін таныстырды

Жарияланды 28 Шілде 2025 15:00

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Жаңа Jetour кроссовері алдымен Қытай нарығына шығады / Фото: auto.ru

Jetour маркасының гибридті кроссоверлері қатарына жаңа Shanhai L7 Plus моделі қосылды. Бұл – осыған дейін сатылымда болған Shanhai L7 моделінің өзгеріске ұшыраған нұсқасы. Жаңа көлік сыртқы дизайнымен, салонының кеңірек болуымен және 1500 шақырымға дейінгі жүріс қорымен ерекшеленеді. Кроссовер алдымен Қытай нарығына тамыз айының екінші жартысында шығады.

Бұрынғы Shanhai L7-мен салыстырғанда, L7 Plus айтарлықтай өзгерген. Автокөлік әлдеқайда жинақы көрінеді, бүйіріндегі ерекше ойықтар жойылған, ал төбесі енді горизонталь бағытқа жақындаған. Сондай-ақ, бұл модель жаңа жарық жүйесімен жабдықталған – оның шамдары қазіргі Kia модельдерінің оптикасын еске салады.

Фото: auto.ru

Өлшемі 4810×1930×1705 мм болатын L7 Plus кроссоверінің дөңгелек базасы 2820 мм-ге жетеді, ал жүксалғыш көлемі 1708 литрге дейін ұлғаяды. Осылайша, бұл модель кәдімгі L7-мен салыстырғанда сәл ірілеу болады.

Шанақ өлшемі салонға үш қатарлы орындық орнатуға мүмкіндік береді, алайда L7 Plus бес орындық нұсқада да шығарылады. Ішкі интерьері айтарлықтай жаңартылған. Алдыңғы панель мен орталық тоннель қайта жасақталып, мультимедиа жүйесі жаңартылған. Оның 15,6 дюймдік дисплейі екі жаққа 10 градусқа бұрыла алады. Сонымен қатар, бұл модельде барлық орындықтарды тегіс төсеніш секілді етіп жатқызуға болады.

Фото: auto.ru

Кроссовердің қозғалтқыш жүйесі 1,5 литрлік турбомотор мен 32,7 киловатттық батареядан қуат алатын электрқозғалтқыштан тұрады. Екі қозғалтқыштың жалпы қуаты  360 ат күшіне тең, ал айналу моменті  530 Нм болады.

Фото: auto.ru

L7 Plus толық электр режимінде 220 км-ге дейін жүре алады, ал отын багы толық болған жағдайда бір толық жүріс қашықтығы 1500 км-ге дейін жетеді. Жанармайдың орташа шығыны — 100 км-ге 5,25 литр деп көрсетілген.

Бүгінде дилердің бәрі дерлік 4 пайыздық бағдарламаларын ұсынып жатыр. Бұған дейін, HyundaiChevrolet,  KIAChery  және Jetour сияқты сатылым лидерлерінің ұсыныстарын сүзіп шыққанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз