31 желтоқсан демалыс күні бола ма – Еңбек министрлігі жауап берді

Жарияланды 29 Шілде 2025 12:17

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General News бөлімінің тілшісі a.taubay@kursiv.media
31 желтоқсан демалыс бола ма/фото: shutterstock

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов 31 желтоқсанды демалыс күні деп жариялау туралы сұраққа жауап берді.

Үкіметтегі брифингте БАҚ өкілі 31 желтоқсанда кей азаматтың жарты күн жұмыс істейтінін, Жаңа жылды қарсы алуға дайындалатынын айтып, ресми түрде демалыс деп бекіту жоспары бар-жоғын сұрады.

«Менің білуімше, қазір бұл мәселе қаралып жатқан жоқ. 31 желтоқсан мереке күндеріне қатысты заңда көрсетілмеген, яғни жұмыс күні қатарында тұр», – деді Биахметов.

Вице-министрдің пікірін министрліктің басқа өкілі де растады. Оның айтуынша, бұл сұрақ бұған дейін бірнеше рет көтерілген, халықаралық тәжірибе зерттелген. Соның нәтижесінде 31 желтоқсан демалыс күні деп бекітілмейтін болған.

Алайда кей кәсіпорын өзінің ішкі актісін өзгертіп, қызметкерлеріне 31 желтоқсанда демалыс бере алады. Биыл 31 желтоқсан сәрсенбіге түсіп тұр.

Айта кетейік, тамызда елімізде бір ғана ресми мереке бар. 30 тамыз – Конституция күні. Биыл бұл күн сенбіге түсіп отыр. Еңбек кодексіне сәйкес, егер мемлекеттік мереке демалыс күніне келсе, онда демалыс келесі жұмыс күніне ауыстырылады. Осылайша, 30 тамыз сенбіге түскендіктен, 1 қыркүйек, дүйсенбі күні демалыс болады.

Сондай-ақ оқыңыз