Ерлі-зайыпты баласының еміне жиналған 1,3 млрд теңгеге дүние-мүлік сатып алған

Астанада ерлі-зайыпты баласының еміне деп ақша жинап, оны дүние-мүлік алуға жұмсаған. Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, алаяқтық фактісі бойынша тергеп-тексеру аяқталды.
Тергеу амалдарына сай, баланың қатысуымен көрсетілген бейнероликтер, әсерлі жазбалар Instagram және Facebook арқылы жүргізілген таргет жарнама арқылы қазақстандықтар баланың еміне ақша аударғаны анықталды.
«Азаматтардың сенімі мен жанашырлығын пайдалана отырып, күдіктілер 1,3 млрд теңгеден астам көлемде қаражат жинаған. Алайда баланың еміне тек 6,4 миллион теңге жұмсалған. Қалған қаражатты ерлі-зайыпты жеке қажеттіліктеріне пайдаланылған. Нақты айтқанда, елордада 3 пәтер, жер телімі, 5 автокөлік сатып алынған», – делінген ақпаратта.
Сонымен қатар қаражаттың бір бөлігі құмар ойындарына жұмсалған.
Қайырымдылық қаржысын тұрақты түрде алып отыру үшін олар келіп түскен қаражаттың үштен бір бөлігін (481 млн теңгеден астам) әлеуметтік желідегі парақшаларын жарнамалауға бағыттаған.
«Күдіктілер Түркиядағы LIV Hospital клиникасында 84 миллион теңге тұратын ота жасатамыз деген желеуді де пайдаланған. Қажетті сома жиналғанымен, шетелде ота жасалмаған. Керісінше, олар Instagram парақшасында әуежайдағы «ұшып бара жатқан» көріністі бейнелейтін ролик жариялап, операция сәтті өтті деген жалған ақпаратпен жазба салған», – деп хабарлады агенттік.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын білген соң, олар қылмыстық жолмен алынған активтерді тәркілеуден жасыру мақсатында жер телімін үшінші тұлғаның атына рәсімдеген. Алайда тергеу бұл мәміленің жалған екенін дәлелдеді. Сот санкциясымен қылмыстық жолмен алынған мүліктердің барлығына тыйым салынды. Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ түрі таңдалды. Қазір қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.