Тоқаев түрік кәсіпкерлерімен кездесті

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
YDA елордада зауыт салады/фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анкарада YDA Holding басқарма төрағасы Хусейн Арсланды қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Тоқаевқа YDA Holding компаниясының Қазақстанда іске асырылып жатқан инвестициялық жобалары жөнінде мәлімет берілді.

Атап айтқанда, түркиялық холдинг Түркістан, Астана және Петропавл қалаларында көпбейінді ауруханалар салу және пайдалану бойынша үш жобаны қолға алған.

«Компания алдағы уақытта Астанадағы YDA Industrial Park көпсалалы өндіріс кешенін кеңейтіп, сэндвич-панельдер шығаратын зауыт салуды бастайды», – делінген ақпаратта.

Сонымен қатар Хусейн Арслан компанияның Ақтауда мультимодальді транзит хабын құруға қатысты жоспарын бөлісті.

Тоқаев қолдау білдірген жобалар

Сондай-ақ президент Tiryaki Holding компаниясының атқарушы директоры Сүлеймен Тирьякиоғлыны қабылдады.

Тоқаев компанияның Астанадан бидай мен бұршақты терең өңдеу зауытын салу туралы шешіміне қолдау білдірді.

Ал S Sistem Lojistik компаниясы басқарма төрағасы Хусейн Барлинмен кездесу барысында логистика саласында өзара тиімді әрі ұзақ мерзімді серіктестік орнату перспективасы талқыланды.

Мемлекет басшысы елімізді Еуразиядағы жетекші транзиттік хабқа айналдыру үшін Орта дәлізді жан-жақты дамыту жұмыстары басталғанын жеткізді.

Тоқаев S Sistem Lojistik компаниясының Ақтөбе халықаралық әуежайында логистика орталығын құру бастамасына қолдау білдірді. Жоба «Қазпошта» акционерлік қоғамымен бірге жүзеге асырылады.

Айта кетейік, 28 шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Түркияға барды. Анкара әуежайында оны Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған күтіп алды.

Сондай-ақ оқыңыз