Маусымда күрт қымбаттаған ForteBank акциялары арзандап жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media

ForteBank акциялары 29 шілдедегі күндізгі саудада 9,8%-ға арзандап, бағасы 22,55 теңгеге түсті. Сауда кезіндегі ең жоғары баға – 25 теңге, ең төмені – 20 теңге. Жалпы сауда көлемі 127 млн теңгеге жетті.

Қазақстан жеке акционерлер қауымдастығы (QAMS) нарықтағы қобалжуды алдағы 14 тамызға белгіленген акционерлердің жалпы жиналысымен байланыстырады. QAMS болжамынша, инвесторлар жиналыста қабылдануы ықтимал шешімдер туралы инсайдер ақпараттың тарап кеткенінен сескеніп отыр

ForteBank-тің қарапайым акцияларының 91,1%-ы кәсіпкер Болат Өтемұратовқа тиесілі. Дегенмен ол өз үлесін басқа тұлғалармен бірлесіп 95%-ға дейін жеткізуі мүмкін деген жорамал бар. Мұндай жағдайда ол жеке акционерлердің үлесін мәжбүрлі түрде сатып алуға құқылы болады.

Алдағы жиналыс барысында акцияларды сатып алу бағасын есептеу әдістемесін өзгерту мәселесі қаралмақ. Қауымдастық бұл өзгеріс миноритарлар үшін тиімсіз баға белгілеуге жол ашуы мүмкін деп қауіптенеді.

Маусым айының соңында ForteBank Home Credit Bank-ті сатып алатынын хабарлады. Сол кезде банк акцияларының құны 32 теңгеден асып кетті.

Сондай-ақ оқыңыз