Қырғызстанда порносайттарға тыйым салынды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Қызғызстанда порносайттарға тыйым салынды
Қырғызстанда порносайттарға тыйым салынды/Фото: shutterstock

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров «Интернет кеңістікте порнографиялық сипаттағы элементтері бар контент сайттарға қолжетімділікті шектеу туралы» Заңға қол қойды. Бұл туралы ел президентінің сайты хабарлады.

Заңға сәйкес, Қырғыз Республикасының интернет кеңістігінде порнографиялық сипаттағы элементтері бар контентті таратуға тыйым салынады.

Уәкілетті мемлекеттік орган порнографиялық контенттің таралу фактісін анықтаған жағдайда сайттың немесе оның жекелеген бетінің интернет желісінде жұмыс істеуін екі айға дейін тоқтату туралы шешім қабылдай алады. Бұл шешім интернет-провайдерлер, хостинг-провайдерлер, сайт пен интернеттегі беттердің иелері үшін міндетті түрде орындалуға тиіс талап.

Заң ресми жарияланған күннен бастап он күн өткен соң күшіне енетіні айтылған.

Порнографиялық сайттарға тыйым салу бастамасы Қазақстанда да арагідік көтеріліп тұрады. Алайда бұл тұрғыда құқық қорғау органдары дәрменсіз екенін айтады. Сенатор, бұрынғы ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев заманауи жүйелердің мүмкіндігі аталған ресурстарды бұғаттау жұмысын қиындататынын атап өткен. Ал ІІМ сайт домендік атауларын жедел жаңарту арқылы қолжетімділігін сақтап қалуға мүмкіндік алып отырғанын жеткізген. Мысалы, Kyzdar.net сілтемесі бұғатталса, дереу сілтемелері Kyzdar2.net, Kyzdar4.net және тағысын тағылар болып өзгеріп, жұмыс істеуін жалғастырып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз