
Алматы облысы Жамбыл аудандық ауруханасында эндокринолог болып істейтін Алмагүл Мәкішева 10 жылдан астам уақыттан бері өзіне сыйлыққа берілген пәтерін атына рәсімдей алмай жүр.
Зорға берілген пәтер
Алмагүл Мәкішева 2013 жылы Алматы облысының үздік дәрігері сайысына қатысып, бас жүлде – Талдықорған қаласынан 2 бөлмелі пәтер жеңіп алады. Пәтердің кілтін сол кездегі облыс әкімі марқұм Аңсар Мұсахановтың өзі табыстайды. Бұл туралы жергілікті БАҚ-тың бәрі басты бетіне шығарып жазады. Қуанышында шек болмаған ол кілтті үйінің төріне іліп қойып, күтіп жүреді. Бірақ хабарласып, «пәтеріңіз міне» деген ешкім болмайды. Арада бір жыл өткенде жұмысына облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары келіп қалып, сәтін тауып, мәселесін жеткізеді. Содан кейін барып сең қозғалып, 2015 жылғы 14 қаңтарда екі бөлмелі пәтер ақыры беріледі.


Сыйға берілген пәтер, жалдамалы болып шықты
Алайда көпшілік пен журналистердің алдында «сыйға берілді» делінген пәтер жалдамалы болып шығады. Алмагүл Мәкішеваны мұқтаж адамдар санатына кіргізіп, пәтерді 50 жылға сатып алу құқығымен жалға береді. Бұған да көнген дәрігер пәтердің ай сайынғы төлемін жасап, Ұзынағаштағы жұмысын жалғастырып жатады.
Прокуратурадан хат
2019 жылы прокуратурадан хабарласып, қадағалаушы орган өкілдері «мұқтаж ретінде алған пәтеріңізде тұрмайды екенсіз» деп оны алып қоятынын айтады. Дәрігер заңгер жалдап, құқығын қорғауға көшеді.
«Мен ол пәтерді сұрап алған жоқпын, облыс әкімінің өзі сыйлық деп берді. Енді міне, арты мынандай болып шықты. Өзім Ұзынағашта істеймін, пәтер Талқықорғанда. Маған ол жақта жұмыс дайындап тұрған ешкім жоқ. Мен қалай барамын, сондықтан жұмысымды жалғастыра бердім. Оның үстіне о баста сыйлық деп айтылған соң, еш уайымсыз жүре бердім», – дейді ол.
Дәрігер заңгер жалдап, екі сот процесін өткеріп, ақыры пәтерді өзіне қалдырған. Алайда шарттары өзгермеген. Әлі де сол жалдамалы пәтер ретінде қалып отыр.
Әкімдік уәдесін орындаса…
Зейнет жасына жетіп қалған дәрігер пәтерді толық төлеп, атына рәсімдеуге шамасы келмейтінін айтып, жұрттың алдында сыйлық деп жариялаған әкімдік уәдесін орындаса деген тілегін білдіреді.
KursivMedia мақалада көтерілген мәселеге байланысты Жетісу облысының әкімдігіне ресми сауал жолдайтын болады.
Бұған дейін, 2024 жылғы Париж олимпиадасының жүлдегерлеріне тағайындалған қаржылай сыйақы 8 айдан кейін берілгенін жазғанбыз.