Жаңалықтар

2026 жылы жылжымайтын мүлікті сатқанда салық қалай төленеді

салық
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2026 жылдан Жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Соған сәйкес, жылыжымайтын мүлікті сатудан түскен табыстан төленетін салық мөлшері де өзгереді. Осы орайда krisha.kz мамандары жаңа заңға сәйкес ереже қалай өзгеретіні мен салық қалай төленетінін талдады.

Мүлікті иелену мерзімі ұзарды

Қазіргі кезде жылжымайтын мүлікті 1 жыл ішінде сатқысы келгендер сатып алған және сатқан бағасының айырмасынан түскен пайдадан 10 пайыз салық төлеуі тиіс. Мәселен, үйді 20 млн теңгеге сатып алып, бір жыл өтпей 30 млн теңге сатсаңыз, үстіндегі 10 млн теңге пайдадан жеке табыс салығы (1 млн теңге) төлеу керек. Ал сатып алынғанына 1 жылдан асып кетсе, қайта сатылымға шығарғанда салық төлемейсіз.

Ал жаңа заңға сәйкес, 2026 жылдан иелік ету мерзімі 2 жылға ұзартылған. Яғни, 2026 жылы сатып алынған жылжымайтын мүлікті 2 жыл ішінде қайта сатсаңыз, 10 пайыз салық төлеуге тура келеді.

Яғни 2026 жылдан сатып алынған пәтер немесе үйді кем дегенде екі жыл ұстағаннан кейін ғана салық төлеуден босатылады. Егер мүлік 2025 жылдың соңына дейін сатып алынған болса, бұрынғы бір жылдық мерзім сақталады.

Сараланған салық мөлшерлемесі енгізіледі

Сонымен қатар салық мөлшерлемесі де өзгереді. Қазір жылжымайтын мүлікті сатқанда түскен пайдаға 10% ЖТС салынады. 2026 жылдан бастап бұл мөлшерлеме сараланатын болады.

Егер мүлікті сатқан соң түскен пайда 8 500 айлық есептік көрсеткіштен (2025 жылы – 33,4 млн теңге) аспаса, бұрынғыдай 10% салығы төленеді. Ал осы шектен асса, түскен пайдадан 15 пайыз салық төлеу керек.

Бұл талап пәтер, үй, саяжай, автотұрақ, қойма немесе жер телімі сынды бүкіл жылжымайтын мүлікке қатысты.

Салықты төлеу үшін нысанды сатқан соң, келер жылдың 15 қыркүйегіне дейін 270.00 нысанындағы декларация тапсыру қажет. Ал салық сомасын 25 қыркүйекке дейін E-Salyq Azamat мобильді қосымшасы, eGov.kz сайты немесе салық төлеушінің электронды кабинетінде төлеуге болады.

Ал шетел азаматтары үшін шарттар өзгеше: олар мүлікті қанша уақыт иеленгеніне қарамастан, түскен пайдасынан 15% көлемінде салық төлейді.

Сонымен қатар келер жылдан бастап сән-салтанат салығы енгізіледі. Жылжымайтын мүлкінің құны 450 млн теңгеден, ал астындағы көлігінің бағасы 75 млн теңгеден асатындар алдағы уақытта қосымша салық төлейді.