Алматы облысында жеміс пен көкөніс өңдейтін зауыт салынбақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Зауыт құрылысын ҚДБ қаржыландырады / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) мен «Qazaq Global Food JV» компаниясына Алматы облысында жеміс пен көкөніс өңдейтін зауыт салу үшін несие бермек. Бұл жөнінде банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Жоба аясында түркиялық Goknur Gida компаниясы стратегиялық серіктес ретінде тартылып отыр. Бұл компания жеміс, органикалық шырын, концентрат және пюре өндірумен айналысады. Ол зауытқа технологиялық жабдық жеткізеді әрі дайын өнімді оффтейк-келісім аясында толық сатып алуды жоспарлап отыр.

Зауытта жеміс шырындарының концентратымен көкөніс және жеміс пюресі өндірілмек. Сонымен қатар өнімді сақтап, буып-түюге арналған инфрақұрылым салынады. Жобаның жалпы құны – 9,5 млрд теңге.

Кәсіпорын жылына 70 мың тоннаға дейін жеміс пен көкөністі қайта өңдейді. Соның нәтижесінде жылына 6 150 тонна шырын концентраты мен 6 700 тонна пюре өндіру көзделіп отыр. Өнім ішкі нарықпен қатар экспортқа да шығарылады.

Зауытты іске қосу 2026 жылдың сәуір айына жоспарланған.

ҚДБ өкілдерінің айтуынша, зауыт Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында салынады. Мұндай шешім шикізат көздеріне, әсіресе алма бағына жақын орналасуы және көлік инфрақұрылымы ескеріліп қабылданған.

Айта кетейік, 2001 жылы құрылған Қазақстанның Даму Банкі ел экономикасына ішкі және сыртқы инвестициялар тартуға ықпал етіп, өндірістік инфрақұрылым мен шикізаттық емес салалардағы орта және ұзақ мерзімді жобаларды қаржыландырады. Банк «Бәйтерек» ұлттық холдингінің құрамына кіреді.

Маусым айында ҚДБ теңгемен берілетін инвестициялық жобалар бойынша бірыңғай пайыздық мөлшерлемені жылына 12,6% етіп бекіткен.

Сондай-ақ оқыңыз