Жаңалықтар

ЕуроОдақ қазақ көмірін Ресей порттары арқылы тасымалдауға рұқсат берді

Фото: inosmi.ru, бильд-редактор Ахтам Зиперов

ЕуроОдақ 18-санкция пакеті аясында Қазақстаннан Ресей порттары арқылы көмір тасымалдауға қатысты салынған шектеуді біршама жұмсартты. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

ЕО-ның 2025 жылдың ақпанында қабылданған 16-санкция пакеті аясында бірқатар ресейлік порттармен кез келген мәмілеге тыйым салған болатын. Бұл шектеу Қазақстан көмірін Еуропаға тұрақты жеткізуге қауіп төндірді. Атап айтқанда, Усть-Луга порты Еуропаға тасымалданатын қазақ көмір транзитінің негізгі нүктесі болған.

Сондықтан Қазақстан ЕО-осы бағытта келіссөз жүргізіп, көмірді Ресей порттары арқылы тасымалдауға рұқсат алған.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстан көмірі Еуропаға экспорттау үшін оның шығу тегі Қазақстаннан болуы тиіс. Сондай-ақ көмірге иелік ететін тарап ЕО-ның шектеу қойған елдері қатарынан болмауы керек. Ресейлік порттар тек транзит, тиеу немесе жөнелту үшін ғана қолданылуы тиіс, ол жерде көмір өндіріліп немесе сатып алынбауы керек.

Статистикаға сүйенсек, 2022 жылы Қазақстан ЕО-ға 4,4 млн тонна көмір экспорттаған ($419,2 млн), бұл жалпы көмір экспортының 45%-ын құрады.

  • 2023 жылы көлем 6,1 млн тоннаға дейін артқанымен, түсім 382 млн долларға дейін төмендеді (54,3%).
  • 2024 жылы 5,2 млн тонна көмір 312,5 млн долларға экспортталған (51,8%).
  • 2025 жылдың қаңтар–мамырында 1,6 млн тонна көмір 82,9 млн долларға сатылды (38,5%).

Министрлік бұл шаралар ЕО-ға көмір жеткізуді қалпына келтіру және логистика бағыттардың тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді деп мәлімдеді.

2025 жылғы 18 шілдеде ЕуроОдақ елдері Ресейге қарсы 18-ші санкциялар пакетін бекітті.

Жаңа пакет аясында Ресей мұнайын тасымалдауға қатысы бар 105 мұнай танкеріне қарсы шектеулер енгізіледі. Сонымен қатар Үндістандағы «Роснефтьке» тиесілі мұнай өңдеу зауытына да санкция салынды.