«Теңізшевройл» компаниясына 639 млн теңге айыппұл салынды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
тағы бір мұнай компаниясына айыппұл салынды / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанның ірі мұнай кен орнын игеріп жатқан тағы бір компания экология талаптарын бұзған. «Теңізшевройл» ЖШС ауаға артық ластаушы заттар шығарғаны үшін 639,6 миллион теңге айыппұл салынды.

Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы қоршаған ортаны қорғауға қатысты экологиялық талаптардың сақталуына талдау жүргізіп, «Теңізшевройл» ЖШС бірқатар заң бұзғанын анықтады.

Қадағалаушы органның мәліметінше, 2023 жылдың жартысы мен һ 2024 жылдың алғашқы екі тоқсанында кәсіпорын атмосфераға 49,3 тонна ластаушы заттарды таратқан. Бұл белгіленген мөлшерлен тым жоғары. Оның ішінде 4,9 тоннасы – мүлде рұқсат етілмеген қалдық.

Анықталған деректер негізінде прокуратура әкімшілік іс қозғап, сотқа жүгінді. Сот «Теңізшевройл» ЖШС-ін кінәлі деп танып, компанияға 639,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл шешім заңды күшіне енді.

Бұған дейін Қашағанды игеріп жатқан NCOC компаниясы да экология талабын бұзғаны үшін 3,6 млрд теңге төлеген.

Теңізшевройл – америкалық ірі Chevron корпорациясына еншілес компания. Сонымен қатар акционерлер қатарында ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc (25%), «ҚазМұнайГаз»  (20%) және Лукойл (5%) компаниясы бар. Ол Қазақстандағы ең ірі Теңіз мұнай кен орнын игереді.

Сондай-ақ оқыңыз