Жарты жылда 310 млрд теңге бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қаржы министрлігі ішкі аудит нәтижесін жариялады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың 6 айында 310 млрд теңге қаржы тиімсіз жұмсалған. Бұл туралы Қаржы министрлігі хабарлады.

Қаржы министрлігіне қарасты Ішкі мемлекеттік аудит комитеті жүргізген тексеріс барысында 921 млрд теңгеден астам бюджет қаржысы қамтылып, 1699 рәсімдік заңбұзушылық та тіркелді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде анықталған қаржының 279,5 млрд теңгесі мемлекетке қайтарылған немесе орны толтырылды. Бұл қаражаттың бір бөлігі тікелей бюджетке қайтса, қалғаны тауар жеткізу, қызмет көрсету мен жұмыс орындау арқылы өтеліп, бухгалтерлік есепте қалпына келтірілді.

Сондай-ақ онлайн-мониторинг жүйесі арқылы мектеп, аурухана, мәдениет және спорт мекемелері сынды 5,9 мың нысан қамтылып, олар 950,3 млн теңгеге заңсыз төлем жасағаны анықталды.

Одан бөлек, аудит қызметі 2026–2028 жылдарға арналған бюджет жобасын да сараптап, бюджетке тапсырыс беру кезінде 860 млрд теңгеге жуық қате жіберілгенін анықтады. Енді бұл бағытта камералдық бақылаудың толыққанды тетігін енгізу және міндетті түрде тиісті шаралар қабылдау көзделіп отыр.

2025 жылдың 6 айында республикалық бюджетке 10,4 трлн теңге кіріс түсті. Бұл есепті кезеңге жоспарланған 11,3 трлн теңгенің 92,5%-ын ғана құрады. Дегенмен өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1,6 трлн теңгеге көп.

Сондай-ақ оқыңыз