
Джеймс Кэмерон түсірген «Аватар» франшизасының үшінші бөлімі – «Аватар: От пен күл» фильмінің ресми трейлері шықты. Көптен күткен кинотуынды Қазақстанда 18 желтоқсанда шығады.
Фильм оқиғасы «Аватар: Су жолы» атты екінші бөлімнен кейін екі апта өткен соң басталады. Бас кейіпкер Джейк Салли ауыр психологиялық күйзеліс кезеңін бастан кешіреді. Үлкен ұлы Нетейаманың қазасы Салли отбасына ауыр соққы болып, өмірін өзгертеді.
Бұл жолы кейіпкерлер Пандора планетасындағы жаңа қауіпті күшпен күлден жаратылған халықпен бетпе-бет келеді. Бұл тайпаны қатал әрі соғысқұмар Варанг есімді көшбасшы басқарады.
Режиссер Джеймс Кэмерон бұл фильмде фантастикадан бөлек, адамзаттық сезімдерге ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті:
«Бұл — нағыз эмоциялар туралы фильм. Тіпті қиял-ғажайып әлемде де адамның қайғы мен жоғалтумен қалай күресетінін көрсету маңызды», — деді ол.
Айта кетейік, «Аватар» франшизасының алғашқы бөлімі 2009 жылдың 18 желтоқсанында жарық көріп, 2,9 млрд доллардан астам табыс жинап, кино тарихындағы ең кассалық фильм атанған. Ал екінші бөлім – «Аватар: Су жолы» 2022 жылдың желтоқсанында шығып, 2,3 млрд доллардан аса табыс тауып, 2022 жылдың ең табысты фильмі атанды.