
Әлемдік поп-музыканың жұлдызы Дженнифер Лопес 1 тамыз күні Астанада жеке концерт өткізеді. «Астана концерт» продюсерлік орталығының басшысы Мәлік Хасеновтің мәліметінше, «Астана Аренада» өтетін шоуға 25 мың адам жиналады деп күтіліп отыр.
Көп көрерменнің келуіне байланысты концерттің басталу уақыты өзгермейді, сағат 19:00-де, бірақ стадион есіктері 16:30-дан бастап ашылады. Бұл туралы Мәлік Хасенов Threads желісінде жазды.
Әр көрерменнің кіру процесі белгілі бір уақыт алады. Оны 25 мыңға көбейтсек, шамамен 3 сағаттан кем болмайды. Сондықтан үлкен өтініш — алдын ала келіңіздер! ,– деп жазды Мәлік Хасенов.
Ұйымдастырушылар көрермендердің қауіпсіздігі мен ыңғайлылығы үшін арнайы шаралар қабылдаған. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қонақтардың ыңғайлы келіп-кетуі мен қозғалысын ұйымдастыру мақсатында «Астана Арена» стадионы маңындағы «Алау» мұз сарайы мен «Сарыарқа» велотрегі жағынан автокөлік қозғалысы уақытша шектеледі.
Ал 10 тамыз күні Дженнифер Лопес Алматыда концерт өткізеді.