Ең қауіпсіз қытай көлігі анықталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
C-IASI жүйесі бойынша, Nio шығарған Firefly ең қауіпсіз қытай көлігі болып танылды / фото: nio.com
C-IASI жүйесі бойынша, Nio шығарған Firefly ең қауіпсіз қытай көлігі болып танылды / фото: nio.com

Краш-сынақ ең қауіпсіз қытай көлігін анықтады. Қытайда өткен апат сынағы нәтижесі бойынша Nio шығарған Firefly көлігі жоғары рейтингке ие болды.

CarNewsChina ақпаратына қарағанда, бұл – ең қауіпсіз шағын көлік болып танылды. Барлық төрт санат бойынша «өте жақсы» деген баға алып отыр.

Адамдар үшін ең қауіпсіз көлік

Firefly жүргізуші мен жолаушылар қауіпсіздігі, жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі және көмекші жүйелердің қауіпсіздігі бойынша сынақтан өткізілген. Соның қорытындысы бойынша, ең жоғары «G+»  бағасын алды. Демек, адамдар үшін ең қауіпсіз қытай көлігі болып отыр. Оның соққыға төзімділігімен қатар, жөндеу де аса қымбатқа түспейді.

Көлік көмекші жүйелері ерекше көзге түсті

Осылайша Firefly краш-сынақ барысында барлық төрт санат бойынша G немесе G+ алған үшінші көлік болып отыр. Мұның алдында Aito M9 және Onvo L60 үлгілері де сүрінбей өткен еді.

Көліктің көмекші жүйелері индексі жоғары көрсеткішке қол жеткізген. Айталық, төтенше жағдайдағы қоңырау шалу (E-call), жолақта ұстап тұру және жүргізушіні бақылау жүйелері (DMS) ең жоғары балл жинады. Жалпы көрсеткіш – 94,7%.

Қауіпсіздігі қымбат көліктерден артық

Firefly қауіпсіздігі тұрғысынан құны 28 000 АҚШ доллары, тіпті одан да қымбат тұратын көліктерден де асып түсті.

C-IASI (Қытай Автокөлік Сақтандыру Қауіпсіздік Индексі) жүйесі 2018 жылы енгізілген. Ол көліктердің соқтығысу кезіндегі қауіпсіздікті бағалайды. Бұл жүйені Қытай Автокөлік Зерттеу Институты (CIRI) әзірлеген. Оны  сақтандыру компаниялары қаржыландырады.

Сынақтың төрт деңгейі

Содан бері Firefly жоғары қауіпсіздік көрсеткішіне жеткен алғашқы шағын көлік болып отыр. 

C-IASI жүйесінің төрт деңгейі бар: G – жақсы, A – қанағаттанарлық, M –орташа, P – нашар. Биыл жүйеге жаңа, қатаң талаптар енгізілген. Соның ішінде барлық қосымша көрсеткіштер «G» болуын талап ететін «G+» (жақсы+) рейтингі пайда болды.

Апат сынағы кезінде қауіпсіздігін айқындау үшін көлікті төрт жағынан да соғыстырып көреді.  

Мұның алдында Jetour жаңа гибридті кроссоверін таныстырған еді.

Сондай-ақ оқыңыз