Еуропа Ресеймен соғысқа әзірлене бастады

Еуропа Ресеймен соғысқа әзірлене бастады. Еуропаның шығысына әскери техника таситын жолдар мен жаңа көпірлер жаңғыртылмақ.
Бұл туралы ЕуроОдақтың көлік жөніндегі комиссары Апостолос Цицикостас Financial Times газетіне берген сұхбатында мәлімдеген.
«Көпірлерді жаңғырту керек»
Комиссардың пікірінше, Ресеймен қақтығыс болса, Еуропадағы жолдары, көлік жүйесі әскери техника тасуға жарамсыз. Бұл біршама қиындық тудыруы әбден мүмкін. Бұл түйткілді шешу үшін алдымен Еуропа жолдар мен көпірлерді жаңғыртуды жоспарлап отыр.
«Бізде жаңартуды қажет ететін ескі көпірлер, кеңейтілуі тиіс тар көпірлер және жаңадан салынуы қажет көпірлер бар», – деді Цицикостас.
«Бірнеше сағатта жетеміз»
Оның пікірінше, онсыз әскери техниканы Еуропаның батысынан шығысына жеткізу ұзақ уақытқа созылуы ықтимал. Бірнеше апта немесе айға ұласып кетуі де ғажап емес. Әскери техниканы бірнеше сағаттың немесе бірнеше күннің ішінде жеткізу үшін құрлықты кесіп өтетін төрт әскери дәліз бойында 500 инфрақұрылымдық жобаны жаңғырту көзделіп отыр.
Бұған қанша қаржы бөлінеді?
Еуропалықтар Ресеймен соғысқа дайындықты жолдар мен көпірлерді күшейтуден бастамақ. Бұл мақсатқа 17 млрд еуро бөлу жоспарланған. Бірақ FT дереккөздері бұл сома кейін қысқаруы мүмкін екенін айтады.
Сондай-ақ ЕуроОдақ Украинаға көмекті 100 млрд еуроға дейін көбейтпек.