Тарихи жеңіс: «Қайрат» Чемпиондар лигасы сынағының үшінші раундына өтті

«Қайрат» футбол клубы тарихта алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу турының үшінші кезеңіне өтті. Алматылық футболшылар бүгін «КуПС» фин командасын Орталық стадионда 3:0 есебімен жеңді.
Сырт алаңда өткен алғашқы матчта фин футболшылары 2:0 есебімен басым түскен. Сол себепті «Қайратқа», екі ойын қорытындысы бойынша келесі кезеңге өту үшін бүгінгі матчта кем дегенде 3:0 есебімен жеңуі керек еді.
Мақсат шешуші ойынның бірінші таймында-ақ орындалды. Матчтың 9-минутында «Қайрат» сапындағы Дастан Сәтбаев есеп ашты. Тағы жиырма минуттан соң, Жоржинью есепті еселеді. Ал бірінші таймның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Валерий Громыко қарсылас қақпасына үшінші голды соқты.

Жергілікті клуб екінші таймда осы есепті сақтап қалу үшін бар күшін салды. Төреші матчтың негізгі уақытына тағы бес минут қосқанына қарамастан, ойын есебі өзгерген жоқ. Осылайша, «Қайрат» өз алаңындағы ойында 3:0 есебімен, ал екі матч қорытындысында 3:2 есебімен жеңіске жетті. Футбол мерекесін Орталық стадионда шамамен 24 мың жанкүйер тамашалады.
Алматылық клуб алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу турнирінің үшінші кезеңіне өтіп отыр. Енді «Слован» (Словакия) – «Зриньски» (Босния және Герцеговина) матчының жеңімпазымен кездеседі. Бұл матч бүгін түнде өтеді. Алғашқы ойында «Слован» қарсылас қақпасына жауапсыз төрт гол соққан.
«Қайрат» ЧЛ іріктеу сынының үшінші кезеңіндегі алғашқы матчын 5 немесе 6 тамызда өткізеді. Қарымта ойын 12 тамызға жоспарланған.