Санкт-Петербургте мигранттарға такси жүргізуге тыйым салынды

Санкт-Петербург губернаторы Александр Беглов еңбек мигранттарына такси жүргізуге тыйым салды. Мәлімет қала билігінің телеграм-арнасында жарияланды.
Компанияларға патентпен такси қызметінде жұмыс істейтін шетел азаматтарын жұмыстан шығару үшін үш ай уақыт берілді.
Қала әкімі мұндай шешімді «такси саласының сапасын, қызмет қауіпсіздігін арттыру», сонымен бірге Ресей азаматтарына жұмысқа тұруға мүмкіндік беру мақсатында қабылдаған. Губернатор жарлығы 10 күннен кейін күшіне енеді. Шектеу 2025 жылдың аяғына дейін созылады.
РБК мәліметінше, 2024 жылғы тамызда Ленинград облысында шетел азаматтарына жыл аяғына дейін жеңіл такси саласында жұмыс істеуге тыйым салынған.
Ленинград қана емес, осындай тыйымды Ресейдің басқа да өңірлері енгізіп отыр. Мәселен, Татарстан 2025 жылдың аяғына дейін патент негізінде жұмыс істейтін шетел азаматтарының кейбір қызметтерге жұмысқа тұруын шектеген. Олардың арасында такси, күзет, сонымен бірге ветеринария салалары да бар.
Камчатка 2025 жылдан бастап мигранттарға такси жүргізуге рұқсат бермей қойды. Биыл наурызда Омск қаласы да мигранттарға такси мен саудада жұмыс істеуге тыйым салған. Ал Магадан және Қорған облыстарында шетел азаматтарына такси жүргізуге рұқсат бермей қойды. Челябинск, Түмен өңірлерінде де осындай шектеу бар.