«Табаныңды жалтырат!»: Трамп ультиматумына Кремль қалай жауап береді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Дональд Трамп пен Владимир Путин / фото: shutterstock
Сарапшылар Ресей президенті алған бетінен қайта қоймас деп болжайды / фото: shutterstock

Сарапшылар АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресейге қатысты ультиматумына Кремль қалай жауап беретінін болжады. Көпшілігі президент Путин алған бетінен қайтпайды деп есептейді. Әзірге Мәскеу үнсіз. Бұл туралы Bloomberg жазды.

Трамптың Украинадағы соғысты доғару туралы талапты орындау мерзімін қысқартуына Мәскеу әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ. Дегенмен сарапшылар Ресей президенті алған бетінен қайта қоймас деп болжайды.

28 шілдеде Трамп 10-12 күн ішінде Ресейден тауар сатып алып отырған елдерге қарсы санкция енгізем деп қорқытты. Құрама Штаттар шектеуіне ілікпес үшін Владимир Путинге Украинадағы соғысты доғаруы керек.

«Ресей дипломатия тілімен жауап қатып, белгілі бір уақытты белгілеудің келіссөзге ешқандай пайдасы жоқ екенін меңзейді. Кейінгі 500 жылдағы ультиматумдарға жауап қалай болса, Трамп талабына да солай деп жауап береді: Табаныңды жалтырат!«, – деп есептейді Кремльге жақын мәскеулік саясаткер Сергей Марков.

Путинге Трамппен түзу қарым-қатынас ұстау маңызды екеніне қарамастан, Ресей басшысын ешқандай қысым тоқтата алмайды деп есептейді тағы бір мәскеулік саясаткер Андрей Колесников.

Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведев Трамп «ультиматумға әуес» деп мәлімдеп, мұндай қадам Ресей мен АҚШ арасындағы «соғысқа қарай қадам» деп ескертті. Медведев қазір Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарады.

Мәскеу міз бақпаса да, Трамп талабы нарыққа айтарлықтай әсер етті. 29 шілде, сейсенбі күні 1 доллар бағасы 82 рубльден жоғары көтерілді. Ресей валютасы бірден 3%-ға құнын жоғалтты. Brent маркалы мұнай қымбаттады. Өйткені Ресей мұнайын тасымалдау қиындау қаупі жоғарылады.

Трамп 2025 жылдың қаңтарында Ақ үйге қайта оралған уақытта төртінші жылға созылып бара жатқан соғысты тез арада тоқатуға уәде берген. Алайда оның билікте отырғанына жарты жыл болды, Украинада әлі атыс жүріп жатыр.

Трамп Ресейге санкция салар болса, оның кесірі Қазақстанға да тиюі мүмкін. Себебі ол Ресеймен байланыс орнатқан елдерге де шектеу енгізетінін мәлімдеп үлгерген.

Сондай-ақ оқыңыз