
Үйінде үнемі сәби күлкісі естілетін, балаларының тәтті қылығы аудиторияны еріксіз баурайтын блогерлер отбасы Қазақстанда аз емес. Олардың әр қадамын бақылап, салған сторилеріне сан-мыңдаған реакция жіберіп отыратын фоллоуер көп. Отбасында болып жатқан өмірін лайв форматта бөлісетіндердің блогы несімен тартады? Фемили-блог жүргізетін блогерлердің салатын контенті қандай? Бүгінгі материалымызда еліміздегі үздік отбасылық блогтарға шолу жасаймыз.
Арман Юсупов пен Карина Оксукпаева
Бұл жұпты көпшілік үйленбеген кезінен біледі. Қазақстандағы вайн дәурені қызып тұрған шақта алғашқылардың бірі болып топ құрып, қызық видеоларымен оқырманын қуантқаны есімізде. Кейіннен Yuframe тарап кетті. Әйтсе де, команда мүшелері бүгінде әлі де жақсы араласып тұрады.
Арман мен Карина 9-сыныптан бастап кездесіп, бірнеше жылдан кейін шаңырақ құрды. Қазір үш баласы бар. 2017 жылы тұңғышы — Әлім дүниеге келді. Ортаншысы —Тимур. Үйдің үшінші баласы Дамирдің жасы екіде. Блогерлердің аудиториясы балаларды бөліп алған десе болады. Бірі Әлімнің «әскері» болса, енді бірі Тимур не Дамир үшін ғана бақылаймыз дегенді жиі айтады.
Үйдің үлкені өзінің ерекше ойларымен, сезімтал болмысын ерекше. Әсіресе, ойламаған жерден қойылған сұрақтарға беретін жауаптары тіпті ересектердің ойына келмеген болып шығады. Ал Тимур — ерке, бұзық жігіт. Балпанақтай Дамирдің түскен видеоларының астында үнемі «неткен сүйкімді бала, жеп қойсаң ғой» деген сипаттағы пікірді жиі көреміз. Карина балаларын арнайы контент үшін дайындамайды. Көбіне бәрі аяқ-асты әрі шынайы түсіріледі. Оқырманға онысы тіпті майдай жағады.
Жалпы Юсуповтар отбасын фемили-блогтың хас шебері деуге болады. Өйткені олардың контентіне бүкіл әулеті тегіс қатысады. Арманның ата-анасы, Каринаның анасы, тіпті балалардың күтушісі де әбден кәсіби креатор болып алған. Видеолар миллиондаған қаралым жинап, көпшіліктің көңілінен шығады. Бәрін мінсіз қылып көрсетуге тырысатындарға қарағанда қалай бар болса, солай көрсететін осындай өмір жұртқа өтімдірек.
Ахон Бержанов пен Диляра Аманқосқызы
Ахон мен Диляра ұзақ жыл жұп болып кездесіп жүріп үйленді. 2021 жылдың басында отбасын құрды. Сол жылдың аяғына қарай өмірге тұңғыштары дүниеге келді. Блогерлер ұлының есімін Амир деп қойды. Ол кішкентайынан камераға үйренген десек болады. Себебі Диляра баласының тәтті қылықтарын жиі салып тұрады. Тіпті әдетте «көз тиеді» деп бетін смайлмен жауып салатындардың қатарында болмады. Мысалы екі айлық кезіндегі түрін көпшілікке көрсетуден қорыққан жоқ.
Содан бері Амирді қалың жұртшылық жақсы танып алды. Тәй-тәй басқаны, алғашқы сөзі — бәрін біледі. Қазіргі таңда да Ахон мен Диляраның басты контенті — баласы болып отыр. Түрлі қызық сәттерді таспалап бөліседі. Тілі шыққалы Амир кәнігі блогерге айналып шыға келді. Жарнама коллабтарында мәтіндерді тастай айтып береді, камерадан қысылмайды. Оқырман Амир бар видео-фотолардың астына үнемі «Тфәй-тфәй, көз бен сөзден аман жүрсін» деп жазып отырады.
Болатбек Бараков пен Аида Серікова
Отбасылық өмірді құндылық ретінде дәріптейтін кезекті жұп. Болат пен Аиданың бір қыз, бір ұлы бар. Оларды көпшілік лотерея ойнатып, үй беретін блогерлер деп тануы мүмкін. Дегенмен олардың отбасылық өмірін бақылағанды жақсы көретін оқырман қауым да бар. Әсіресе, Аиданың төркінімен, атап айтқанда, ата-анасы, сіңлілерімен түсірген видеоларына тамсанатындар жетерлік.
«Неткен берекелі шаңырақ», «бауырлар осындай болуы керек» дегендей лебіз-пікір жиі жазылады. Оған қоса, қызы Мәрияммен бірге түскен фотосессиялар, family look-тарға да көбі қызығып тамсанады. Әр контентке арнайы дайындық жасалып, сценарий құрылатыны көрініп тұрады. Өйткені үтір-нүктесіне дейін ойластырылған, бәрін үйлестіруге тырысады.
Жанель Ермекбаева
Жанель — бес баланың анасы. Instagram-да @lifelearning нигімен танымал. Лақап аты бұрынғы күйеуінің өмірлік ұстанымынан шыққан деп жатады. Яғни өмір бойы жаңа нәрсе үйренуге құштар. Парақшасында күнделікті өмірін көрсетеді. Әсіресе, дәмді әрі тез дайындауға болатын тамақтардың рецептін салады. Оған қоса, балаларын жиі салады.
Үлкен ұлы Әділ шетелде дүниеге келген. Ол ағылшынша таза сөйлейді, өзін-өзі ұстауы ерекше. Жанель біраз жыл шетелде тұрған. Екінші қызының да тілі ағылшынша шыққан. Жалпы алғанда Жанельдің 3 қызы, 2 ұлы бар. «Бес балалы ананың күн тәртібі қандай болады» деген тақырыпта влог жүргізеді. Түрлі тренд түсіреді. Балалар да камераға үйренген. Блогердің Pinterest-тегідей әрленген үйіне, сүйкімді ыдыстарына тамсанатындар жетіп артылады. Бәрінен бұрын оқырман Жанельдің бес баласы болып тұра бәріне үлгеретін, спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтанатын, дене бітіміне мән беретін қасиетіне таңғалысын жасырмайды.
Нұрбек Нұртаза мен Амина Нұртаза
Бірнеше миллион оқырманы бар блогер жұптың үш баласы (екі қыз, бір ұл) бар. Нұрбек пен Амина парақшасында үнемі ұтыс ойындарын өткізіп жатады. Оған қоса, пранк ұйымдастыратынымен де танымал. Кей видеоларына бола хейттің астында қалатын кезі де аз емес.
Ал енді отбасылық блог форматындағы контентіне келсек, қыздарымен түсіретін видеолары көп қаралым жинайды. Мысалы, басын бастап беріп, соңын жалғастыру керек дегендей трендтерді түсіргенде Малика мен Айшаның берген жауаптарын оқырман жылы қабылдады. Аминаға қарағанда балалармен контентті Нұрбек көп салады. Кейде жарнама коллабтарына қатыстырады. Оқырман бұл жұптың видеоларын «дайындықпен түсіреді» деп жиі айыптайды. Бірақ балаларының сүйкімді қылықтары мен қызықтарын салғанда ол сөздерді шетке ысырып, тамсанып жатады.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін жақында бөпелі болатын жұлдыздар туралы жазғанбыз.