
Қарағандыда бұрынғы «АТФ Банк» ғимаратының бір бөлігі қирап қалды. Төтенше жағдай орын алған уақытта 15 адам жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан.
Ерубаев көшесінде орналасқан төрт қабатты, пайдаланылмай тұрған ғимарат «Болашақ» академиясының жанында орналасқан. Оқиға 29 шілде күні сағат 15:45 шамасында орын алды. Аталған нысан бұрынғы АТФ банкінің ғимараты.
«Алдын ала мәлімет бойынша, ғимараттың шатырындағы ағаш қаңқасы, үшінші қабаттан бірінші қабатқа дейінгі аралықтағы төбе жабындылары, сыртқы қабырға мен баспалдақ маршы құлаған. Опырылып түскен аумақтың жалпы ауданы шамамен 150 шаршы метрді құрайды»,– делінген хабарламада.
Қарағанды облыстық ТЖД мамандары ғимарат ішінен 15 адамды, яғни жөндеу бригадасының қызметкерлерін эвакуациялады. Жедел жүргізілген тексеру нәтижесінде үйінді астында қалған адамдардың жоқтығы анықталды. Зардап шеккендер тіркелген жоқ.
Қазіргі уақытта төтенше жағдайдың себептері анықталуда. Мамандар ғимараттың техникалық жағдайын бағалап, болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу шараларын қарастыруда.