Қазақстандықтарға енді жұмысты жасанды интеллект тауып береді

Енді жасанды интеллект қазақстандықтарға жұмыс табуға көмектеседі. ЖИ жұмыс іздеу процесінде бос жұмыс орындарын сауалнамасыз және қоңыраусыз автоматты түрде таңдайтын болады.
Үкімет отырсында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов еңбек нарығындағы цифрлық жаңашылдықтарды таныстырды. Сөзіне сенсек, алдағы уақытта әрбір пайдаланушы үшін бос жұмыс орындарын немесе оқыту курстарын автоматты түрде іріктейтін жасанды интеллект негізіндегі жүйе іске қосылады.
Жаңа платформаның басты мақсаты – жұмыспен қамтуды жылдам әрі жеңіл ету.
Бүгінде біз ең озық технологияларды қолдануды қарастырудамыз – оның бірі, жұмысқа орналастыру жөніндегі жасанды интеллект. Екі негізгі құрал – Отбасының цифрлық картасы мен Кәсіпорынның цифрлық картасын синергиялау бізге адами фактордың қатысуынсыз өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біздің цифрлық өнімдеріміз қажеттіліктерді анықтап, пайдаланушыларға олардың жеке профилі мен нарықтық трендтердің негізінде лайықты жұмысты немесе оқу курсын автоматты түрде таңдайды және ұсынады,- деді вице-министр.
Айта кетейік, елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2,1 млн адам бар. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрап отыр. Сол себепті үкімет 2029 жылға дейін 3,3 млн азаматты жұмысқа орналастыруды көздеп отыр.