Жаңа куәлік алған жүргізушілер мен мопедшілердің сақтандыру полисі арзандауы мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Елімізде міндетті автосақтандыру тарифтері қайта қаралуы мүмкін / Фото: kursiv.media архиві

Елімізде кейбір жүргізушілер тобы үшін міндетті автосақтандыру тарифтері қайта қаралуы мүмкін. Олардың қатарында жүргізушілік тәжірибесі жоқ, яғни, енді ғана жүргізуші куәлігін алғандар мен мопедшілер бар. Kolesa.kz мәліметінше, қолданыстағы жүйе өзгерісті қажет етеді.

Жас жүргізушілер үшін тариф тым жоғары

2025 жылдың көктемінде автосақтандыру бағасы екі есеге жуық қымбаттап кеткен болатын. Бұл, әсіресе, енді ғана көлік тізгініне ортырған жас жүргізушілер үшін біршама қиындық туғызды. Мысалы, Алматыда жаңадан рөлге отырғандар үшін сақтандыру полисі 40 мың теңгеден 78 мың теңгеге, Астанада – 56 мыңнан 112 мың теңгеге дейін өсті.

Бұл ескі мопед иелеріне де оңайға соқпады. Олар құны 200 мыңның айналасында болатын техника үшін сақтандырудың одан қымбат болуы ақылға сыймайтынын айтып шағымдануда.

Сақтандыру полистері қаншалықты арзандайды

Аталған мәселеге депутаттар да назар аударған еді. Парламент мүшелерінің сауалына жауап берген Премьер-Министр Олжас Бектенов енді ғана жүргізуші куәлігін алғандар үшін сақтандыру коэффициенттері шамамен 40%-ға төмендейтінін атап өтті. Осылайша, Алматыда полис құны 46 мың теңгеге, ал Астанада 65 мың теңгеге дейін арзандауы мүмкін.

Мопед жүргізушілері үшін де жақсы жаңалық бар. Олар үшін бонус жүйесінде жеңілдетілген, яғни автокөлік иелеріне қарағанда төмен тарифпен жеке санат енгізу ұсынылуда. Бұл скутер мен мопед иелеріне арналған сақтандыру айтарлықтай арзандайды деген сөз.

Қазір бұл өзгерістер әзірлену үстінде. Аталған жобаны Қаржы нарығын реттеу агенттігі осы жаздың соңына дейін көпшілік талқылауына ұсынылатынын атап өтті. Егер жоспарға сай жүзеге асса, жаңа тарифтер осы күзде немесе 2026 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Сондай-ақ оқыңыз