Қазақстанда жұмыссыздардың саны қанша

Елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2,1 млн адам бар. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрап отыр. Сол себепті 2029 жылға дейін 3,3 млн азаматты жұмысқа орналастыру қажет. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов осылай деп мәлімдеді.
«1-жартыжылдықтың қорытындысы бойынша еңбек нарығында тұрақтылық байқалады және жұмыссыздық деңгейі 4,6% мөлшерінде сақталды. Жұмыспен қамтылғандардың өсуін жалдамалы жұмыскерлер қамтамасыз еттті, олардың саны 7,1 млн адамға жетті, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны – 2,1 млн адам»,– деді вице-министр Үкімет отырсыныда.
Асқар Биахметов бүгінде адамдардың көпшілігі онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейтінін, оның ішінде фриланспен, электрондық саудамен айналысатынын атап өтті.
«Халықтың саны өсіп келеді. Нәтижесінде жастардың еңбек нарығына келуі жыл сайын артуда. Болжам бойынша 2035 жылға дейін жылына 360 мың адамға дейін өседі. Бұл еңбек нарығына қосымша салмақ түсіреді. Біз икемді және заманауи еңбек нарығын құру үшін қазірден бастап бұл трендтерді ескеруіміз керек«,– дейді Биахметов.
Кадр жетіспейді
Вице-министр еңбек нарығындағы өзекті мәселелерге де тоқталып өтті. Айтуынша, жұмыспен қамту құрылымы әрдайым экономиканың сұраныстарына сәйкес келе бермейді. Өзектілігін жоғалтып бара жатқан кәсіптер бар.
«Еңбек нарығында сұранысқа ие тиісті дағдылары бар кадрлар жетіспейді. Жалақының жеткілікті деңгейде бәсекеге қабілетсіздігі қосымша сын-қатерге әкелуі мүмкін»,– деп мәлімдеді ол.
Министр орынбасарының айтуынша оңтүстікте еңбек ресурстары шамадан тыс көп болса, солтүстікте – олар жетіспейді.
«Ірі мегаполистерде ішкі көші-қонның жоғары деңгейіне байланысты еңбек нарығының асыра толығуы тіркелуде, бұл әлеуметтік, тұрғын-үй коммунальдық және көлік инфрақұрылымдарына едәуір жүктеме түсіруде»,– деп мәлімдеді вице-министр.
Бұл ретте, экономикалары көп салаланбаған өңірлер бар. Олардың салдарынан азаматтардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктері шектелуде. Вице-министр өткен жылы жұмыспен қамтылған халықтың 30%-ға жуығы зейнетақы жүйесіне қатыспағанын да атап өтті.
«Біздің алдымызда 2029 жылға дейін 3,3 млн азаматты жұмысқа орналастыру міндеті тұр. Жыл басынан бері 250 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты, оның ішінде 38%-ы жастар (95,4 мың адам)»,– деп толықтырды Биахметов.
Еуразия экономикалық комиссиясының мәліметінше Қазақстанда жұмыссыздар саны бір жылдың ішінде 13,3 мың адамға көбейген.