Америкалық журналистің интимдік жерін ұстаған шымкенттік такси жүргізушісі жазаланды

Америкалық құқық қорғаушы әрі журналист Хоуп Лоудонды Шымкентке жеткізіп, «интимдік жерін ұстаған» такси жүргізушісі әкімшілік жауапқа тартылды. Оған «ұсақ бұзақылық жасады» және «жол жүру ережесін бұзды» деген айып тағылды.
Журналист әрі құқыққорғаушы жыныстық зорлық-зомбылыққа қалай тап болды?
Хоуп Лоудон – америкалық турист әрі әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді құқық қорғаушы. «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Смайылованың әлеуметтік желіде жазуынша, ол қазақ-өзбек шекара бекетінен Қазақстан жағына өткенде қиындықтарға және жыныстық зорлық-зомбылыққа тап болған. Ол Ташкенттен Сарыағашқа пойызбен жеткен. Шымкентке жолға шығып, таксиге мінгеннен жүргізуші тарапынан қауіпті сезген.
«Не баратын жерім жоқ, не өзге такси болмады. Жүргізуші 140 км/сағат жылдамдықпен жүрді. Үнемі телефонына қараумен болды. Жол қашық деп жолақысына тағы 5 мың теңге қосуды талап етті. Мен бас тарттым. Ол әлдекімге хабарласып өзінің «америкалық» әйелімен мақтанып жатты. Меніңше, жүргізуші әлденені жоспарлап отырды» деп жазды Хоуп Лоудон қорға жіберген хатында.
Жүргізуші журналисті қалаға жеткізгенде, оны өзге жерге алып кететінін, әуелі «басқа бір орынға барып қайту қажет» екенін айтқан.
«Меніңше, қала шетіне шығарып жыныстық зорлық-зомбылық жасағысы келді. Хостелдің жанынан өтіп жатқанда, көлікті тоқтатуын талап еттім. Егер бұлай жасамасам қиын жағдайға тап болар едім» деп жазды америкалық журналист.
Журналист жолақысын төлеген соң, жүргізуші оның қол сөмкесін көліктен алуына кедергі келтірген. Осы сәтті пайдаланып жүргізуші Хоуп Лоудонның интимдік жерінен ұстап үлгерген. Бұған шошынып, айқай салғанда ғана жүргізуші есін жиып, әрекетін тоқтатқан.
«Ұсақ бұзақылық» және «жол жүру ережесін бұзу»
Хоуп Лоудонның мәлімдемесінен соң, Шымкент қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты әкімшілік іс қозғаған.
«Осы факт бойынша тексеру жүргізілді. Оқиғаға қатысқандардың бәрі анықталды. Тиісті шаралар жүргізілді, сұрақ-жауап алынды. Такси жүргізушісі «Ұсақ бұзақылық» және «Жол жүру ережесін бұзу» бабымен әкімшілік жауапқа тартылды. Шетел азаматына көші-қон қызметі бойынша қажетті көмек берілді» делінген полиция хабарламасында.
Жүргізушінің Әкімшілік кодекстің «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша ісін қалалық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандардырылған ауданаралық соты қараған. Сот жауапкерге осы баппен 78 640 теңге айыппұл салған.
«Жыныстық зорлық-зомбылыққа жол берілмейді! Жоқ деді ме, бұл жоқ дегенді білдіреді. Егер сіз осындай нәрсе жасасаңыз, ұялуыңыз керек! Сондай-ақ заң бойынша жазалануыңыз қажет» деген Хоуп Лоудон іс туралы өз жауабында.