
Алматы облысындағы Сорбұлақ су қоймасында жоғалған әскери тікұшақ экипажы мүшелерінің туыстары оқиға басында жүр. Әскери тікұшақтың экипаж командирі Нұржігіт Үйсінбаевтің інісі Ержігіт Үйсінбаев Kursiv.Media-ға өзі білетін мән-жай туралы айтып берді.
Ержігіт Үйсінбаевтың сөзінше, ағасы мен екі әріптесі Шымкентке 10 шілде күні іссапармен келген. 15 күн бойы оның үйінде жатқан. Олар 25 шілде күні таңғы сағат жетіде ұшып кеткен. Сағат тоғызда Луговойға жанар-жағармай құю үшін тоқтаған. Сол жерден ағасы таныстарына қоңырау соққан. Отбасына түсте межелеген жерге жеткенде хабарласатынын айтқан. Бірақ сол күйі хабар келмеген.
«Бізге түсте хабарласамын деген еді. Соны күтіп отырған едік. Ол әр ұшқан кезде хабарласатын. Анам үнемі Нұржігіт ұшқан кезде WhatsApp-қа хат жазатын. Қонғанын жазған хаты түскен белгісінен біліп отыратын», – дейді ол.
Нұржігіт Үйсінбаев Түркістан облысы Төле би ауданы Ленгер қаласында туған. 21 шілдеде 33 жасқа толған ол анасымен бірге Алматы қаласында тұрған. Отбасындағы екі баланың үлкені.
2010 жылы Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтына «Ұшқыш» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2014 жылы лейтенант шенімен тәмамдаған.
«2014 жылдан бастап Алматы қаласындағы гарнизонға ұшқыш болып келді. Үздіксіз ұшып жүргеніне 11 жыл болды. Бірінші санаттағы ұшқыш. Ағам осы әскери тікұшақтағы экипаж командирі. Мінезі әскери адамдарға сай тік, қаталдау болатын. Не айтса да бетке айтатын. Қарапайым. Ұшқыш болуды кішкентайынан армандады. Ағамның мінезін білемін ғой. Ол жарғыда қалай жазылды одан өзгертпейді. Мысалы, өздерінің ұшатын сызығы бола ма, сол сызықтан ауытқыған адам емес. Сондай бір сөзді, тік мінезді адам. Бір рет болса да тәртіпті бұзбаған. Заң бойынша қалай ұшу керек, солай ұшады», – дейді Ержігіт Үйсінбаев.
Үйсінбаевтың айтуынша, үйден шыққанда Нұржігіттің көңіл-күйі де, денсаулығы да жақсы болған.
«Көңіл-күйі, денсаулығы өте жақсы еді. Ойнап-күліп жүрді. 24 шілде күні бізде күн ыстық болды. Тал түсте сыртқа шығып, үй алдындағы тірліктерді істеп жүрді. «Күн жанып тұр, үйге кіріп отыр» дедім. «Қоя берші, жатқым келмей жатыр» деп кірмей қойды. Сол күні кешке дейін қимылдап жүрді» , – дейді інісі.
Ержігіт Үйсінбаев 26 шілдеден бері ағасынан жақсы хабар күтіп, іздеу жұмыстарының басы-қасында жүр. Ол құтқарушыларға судың асты батпақ болған соң қиындау болып тұрғанын айтады. Кеше Нұржігіттің жеке заттары су бетіне шықан. Жуынатын заттары, телефон қуаттағышы, анасы сыйлаған су құятын термосы табылған.
«Соған іштей біртүрлі болып тұрмын. Жүрегім құбылып тұр. Тікұшақтың да қалдықтары шығып тұр. Анам жылап отыр, басқа не істейді. Қан қысымы қайта-қайта көтеріліп жатыр. Тікұшақтың құлағанына әлі сенбей жатырмыз, қайтеміз енді», – дейді Ержігіт Үйсінбаев.
ЕС-145 әскери тікұшағы 25 шілде күні радардан жоғалып, байланыстан шыққан. Оның бортында үш экипаж мүшесі болған. Әскери техника мен экипаж мүшелері әлі табылған жоқ.
Тікұшақ қалдықтары мен экипж мүшелерінің жеке заттары Алматы облысындағы Сорбұлақ жасанды су қоймасы аумағынан табылған. Сол себепті іздеу жұмыстары дәл сол маңда жүріп жатыр. Құтқарушылармен бірге экипаж мүшелерінің туыстары да сонда жүр. Олармен Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов кездескен.