Жаңалықтар

Доллар 550 теңге: Ұлттық банк интервенция жүргізуді бастады

Фото: kursiv.media, бильд-редтор Ахтам Зиперов

30 шілдеде Қазақстан қор биржасында доллар бағамы 550 теңгеге жетті. «Психологиялық межеден» асқан валюта бағамы содан кейін қайта түсе бастады. Түстен кейін «валюта нарығындағы өтімділіктің өте төмен болуы және алыпсатарлық қысымның күшею белгілеріне байланысты» Ұлттық Банк валюталық интервенция жүргізуге кіріскенін хабарлады.

Бұл ретте бас банк негізгі экономикалық жағдайлар қолайлы болып тұрғанын атап өткен. Мәселен, мұнайдың әлемдік бағасы бір баррель үшін 70 АҚШ долларынан тұрақты түрде асып тұр, АҚШ долларының жаһандық әлсіреу үрдісі сақталған. Осыған байланысты теңгенің қазіргі құнсыздануы іргелі факторларды көрсетпейді және ұлттық валютаның жеткіліксіз бағаланғанын білдіреді.

«Ұлттық Банк биржалық және биржадан тыс валюта нарықтарындағы жағдайды мұқият қадағалап отырады және қажет болған жағдайда айырбастау бағамының тұрақсыздандырушы ауытқуларына жол бермеу, шетел валютасына сұраныс пен ұсыныс теңгерімін қалпына келтіру, сондай-ақ валюта нарығының қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдауға дайын», – делінген хабарламада.

Бұған дейін Kursiv.Media биржада доллар көп сатылып жатқанына назар аударып, «Ұлттық банк араласып жатыр ма» деп сауал тастаған. Бүгін биржада 392 млрд доллар сатылып, көкқағаз құны 543,52 теңгеге түсті.

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптаның аяғында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамына интервенция көмектеспейді деп мәлімдеген.