Жаңалықтар

Бақытжан Байжанов рақымшылыққа ілінді

Байжанов рақымшылыққа ілінді/фото: Kursiv.media

Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжановтың жаза мерзімі қысқарды. Бұл туралы Cтепногор қалалық соты хабарлады.

Сот Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына байланысты жарияланған амнистия туралы Заңды қолдану арқылы сотталған Байжановтың жаза мерзімін қысқарту туралы өтініші қарады.

Байжанов 2024 жылғы 13 мамырда 4 жылға бас бостандығынан айырылған.

Сот өтінішті мынадай негіздерге сүйеніп қанағаттандырды:

Қылмыстық кодекстің 78-бабының 2-бөлігіне сәйкес, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға қатысты жаза мерзімі қысқартылуы мүмкін.

Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына байланысты Амнистия туралы Заңына сәйкес, келтірілген зиян өтелсе немесе зиян болмаған жағдайда, ауыр қылмыстар бойынша негізгі жазаның өтелмеген бөлігінің үштен бір бөлігі қысқартылады.

Сот үкімімен Байжановтан өндірілген міндетті төлем және іс жүргізу шығындары толық көлемде өтелген.

Осылайша, Амнистия туралы Заңға сәйкес, сотталған Байжановтың жаза мерзімінің өтелмеген бөлігі 1/3-ке қысқартылып, қалған өтеу мерзімі 1 жыл 4 ай 17 күн болып белгіленді.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Бақытжан Байжанов амнистияға ілігуге өтініш білдірген.