
Қазақстанда медициналық жағынан қажет болмаған кезде де аяғы ауыр әйелдер кесар тілігі арқылы сәбиін дүниеге әкелетін жағдай жиі кездеседі. Бұған не себеп және мұндай отаның зияны қандай екенін Kursiv.Media талдап көрді.
Қазақстанда кесар тілігі неге көп жасалады?
Елімізде кесар тілігі арқылы бала туу көп жыл бойы көбейді, алайда қазір тұрақталды. Дей тұрғанмен әлі де жоғары деңгейде тұр. Мәселен, 2000-жылдарға дейін орта есеппен жалпы сәби дүниеге келген жағдайдың тек 6-7%-ы ғана ота жасалған. Кейін бұл көрсеткіш өсе бастады: 2015 жылы 15% болса, 2017 жылы шамамен 23%-ға дейін жетті. Кей өңірде бұл көрсеткіш орташа деңгейден асып кетеді. Мысалы, Алматыда әрбір төртінші сәби кесар тілігі арқылы дүниеге келеді.

2018 жылдан бастап Қазақстанда кесар тілігі арқылы босану үлесі өспегенімен, 2024 жылы бұл көрсеткіш 23%-дан асқан. Алайда бұл көрсеткіш әлі де жоғары. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ұсынысы бойынша, бұл көрсеткіш 10-15%-дан аспауға тиіс. Егер одан жоғары болса, кей операциядан бас тартуға болар еді дегенді білдіреді. Яғни, ананың да, баланың да денсаулығына қатысы жоқ және өлім-жітімді азайтпайтын оталар жасалып жатқанын көрсетеді.
Мұндай мәселе тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде бар: 1990 жылдан 2021 жылға дейін кесар тілігі арқылы босанғандар үлесі орта есеппен 7%-дан 21%-ға дейін өскен. Ал Қазақстанда Орталық Азиядағы басқа елдерге қарағанда кесар тілігі жиі жасалады, бірақ Батыс Еуропа елдері, АҚШ, Аустралиямен салыстырғанда аз. Бұл елдерде жалпы әйелдердің 30%-дан астамы операция арқылы босанады.
Қазақстан ауруханаларында жүргізілген бірнеше зерттеу көрсеткендей, кесар тілігінің көп бөлігі – қайталама ота, яғни әйелдің жатырында бұрын кесар тілігінен қалған тыртық болған жағдайда қайта кесар тілігі жасалады. Мұндай жағдай шамамен 13%-ды құрайды. Қалған ота ана немесе баланың денсаулығында асқынудың алдын алу мақсатында жасалады.
Елде кесар тілігінің шамадан тыс көп жасалуына не себеп екені белгісіз, яғни бұл тақырыпты қаузаған зерттеулер жоқ. Бірақ ең ықтимал себебі ретінде дүниежүзінде байқалатын факторларды атауға болады. Оның ішінде дәрігерлердің босану нәтижесіне сенімсіздікпен қарауы, қауіптен сақтану және босанудан қорқатын немесе процесті тездеткісі келетін аналардың қалауы бар.
Сонымен қатар қаржылық мүдде де рөл атқаруы мүмкін: әдетте, операция жасау табиғи босануға қарағанда қымбат тұрады. Мысалы, Қазақстанда кесар тілігі үшін қосымша 100 000-200 000 теңге төлеуге тура келеді. Көптеген елде операциялық жолмен босандыру мемлекеттік емес, жеке клиникаларда жиірек жасалады.
Алматылық акушер-гинеколог Вера Язардың айтуынша, Қазақстанда да Еуропа елдеріндегі сияқты кесар тілігін жасау қалыпты жағдайға айналған. Алайда кеңес заманында бұл ең шарасыз амал саналған. Яғни өте сирек қолданылған. Ол кезде медициналық көрсеткіштер тізімі өте тар болатын, ал қазір бұл тізім едәуір кеңейді.
Сонымен қатар дәрігерлер ананың да қалауын ескеретін болды. Мысалы, әйел табиғи жолмен босанудан қорқатын болса және қандай да бір медициналық көрсеткіштері болса, ота жасайды.
Тағы бір маңызды фактор – дәрігерлер жауапкершілігі. Қазір дәрігердің әр қадамы заң тұрғысынан бағаланады. Еуропа елдерінде дәрігер барлық әрекетті дұрыс жасаса, босану кезінде асқыну болса да, ол жауапқа тартылмайды. Ал Қазақстанда жағдай басқа. Егер қандай да бір жағдай болса, дәрігердің кінәсіздігін дәлелдеу қиын. Сондықтан босану кезінде қандай да бір қауіп байқалса, дәрігерлер көп жағдайда ана мен баланың амандығын қамтамасыз ету үшін кесар тілігін таңдауға мәжбүр болады.
Неге кесар тілігін жасамаған жөн?
Кесар тілігі – әйел табиғи жолмен босана алмайтын жағдайда немесе бала мен ананың денсаулығына, өміріне елеулі қауіп төнгенде қолданылатын ота. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы секілді беделді медициналық ұйымдардың пікірінше, бұл операция тек медициналық көрсеткіштер бойынша жасалуы керек. Кей елде, мысалы, АҚШ-та әйелдің қалауы бойынша кесар тілігін жасауға рұқсат етіледі, бірақ көп елде ол тек нақты көрсеткіштер болғанда ғана қолданылады.
Мұның бірнеше себебі бар:
- Кесар тілігі – бұл хирургиялық ота, сондықтан оның да өзіне тән қауіптері бар. Мысалы, отадан кейін инфекциялық асқынулар табиғи босануға қарағанда жиі кездеседі.
- Отадан кейін әйелге қалпына келу үшін көбірек уақыт керек, ана мен бала ауруханада ұзағырақ жатады.
- Кесар тілігімен туған балаларда тыныс алу жолдарының асқынуы жиі болады. Себебі табиғи босану кезінде нәрестенің өкпесі ауада тыныстауға дайындалады, ал ота кезінде бұл процесс өтпеуі мүмкін.
Сонымен қатар бірінші кесар тілігінен кейін әйел көбіне келесі сәбиін де ота арқылы босанады. Ота жасалған сайын қауіп те артады. Оның ішінде жатырды алып тастау қаупі жоғарылайды.
Сол себепті дәрігерлер кесар тілігін тағайындағанда оның пайдасы мен қаупін салыстырып шешім қабылдауы керек.
Қандай жағдайда кесар тілігін жасау қажет?
Қазақстанда кесар тілігін жасауға арналған бекітілген клиникалық хаттамалар бар. Бұл хаттамалар халықаралық ұсынысқа ұқсас келеді. Соған сәйкес, мына жағдайларда әйелді операция арқылы босандыру қажет болады:
- Жүктілік кезіндегі асқынулар, ұрықтың дұрыс орналаспауы.
- Егіз болған жағдайда, бірінші бала іште дұрыс жатпауы. Үшем болған жағдайда кесар тілігі міндетті түрде жасалады.
- Толғақ басталмай, баланың жағдайы нашарлап жатқан жағдай.
- Табиғи босануға анатомиялық кедергілер: жамбас сүйегінің тым тар болуы, ірі ұрық, жатыр мойнының аномалиялары.
- Жатырдың жарылу қаупі.
- Әйелдің жүрек аурулары.
- Ұрық жағдайының босану кезінде нашарлауы немесе дамуындағы кейбір ауытқулар.
- Әйелде емделмеген ВИЧ-инфекциясының болуы немесе жүктіліктің үшінші триместрінде алғаш рет пайда болған жыныстық герпес, бұл жағдайда балаға жұғу қаупін азайту үшін операция жасалады.
- Бұрын екі немесе одан көп рет кесар тілігі жасалған болса, немесе бір кесар тілігімен қатар басқа да жатырда ота болған жағдайлар.
Айта кету керек, бірінші рет кесар тілігі жасалған әйелдер басқа медициналық көрсеткіштер болмаса одан кейін табиғи жолмен босана алады.