Жаңалықтар

Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты ақпарат жарияланды

Марат Жыланбаевтың мекемедегі фотосы жарияланды/фото: Facebook.com/Раиса Шер

Марат Жыланбаевтың қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіндегі жағдайы белгілі болды. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шер әлеуметтік желідегі ақпараттан кейін колонияға барғанын жазды.

Айта кетейік, бұған дейін құқық қорғаушылар Марат Жыланбаевтың денсаулығы күрт нашарлағанын жазған еді.

«Жыланбаев мерзімсіз аштық жариялады! Егер Маратқа бірдеңе болса, оның өліміне омбудсмен жауапты болады», – деп жазды Бақытжан Төреғожина.

Ал Раиса Шердің жазуынша, ол Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандарының, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілдерімен бірге №4 мекемеде болған. Сол жерде Степногорск қаласында отырған Жыланбаевпен кездескен.

«Жыланбаевпен кездесуде оның денсаулығына алаңдаушылық туындағаны және салмағының 45 келіге дейін төмендегені туралы ақпарат бойынша келгенімді айттым. Марат Төлегенұлы бұл ақпаратқа таңғалғанын айтып, мұндай жалған ақпаратты кім және не мақсатпен таратып жатқанынан бейхабар екенін мәлімдеді», – деп жазды Шер.

Айтуынша, Марат Жыланбаев өзін жақсы сезінетінін, денсаулығына байланысты шағымы жоқ екенін айтқан.

«Әңгіме барысында Жыланбаев кейде аштық ұстауды тәжірибе ретінде өткізетінін айтты. Оның пікірінше, аштықтың ұзақтығын біртіндеп арттырып, ағзасын жаттықтырады», – дейді Раиса Шер.

Сөзінше, сотталғанның мекемедегі жағдайға, тамаққа, азаптауға, күш қолдануға немесе моральдық қысым көрсетуге қатысты ешқандай шағымы жоқ. Оған туыстарымен таксофон арқылы сөйлесуге, қысқа және ұзақ мерзімді кездесулерге, сәлемдеме алуға рұқсат берілген.

«Қазір Жыланбаевтың өміріне қауіп төндіретін жағдай жоқ, дегенмен Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасына оның денсаулық жағдайын күнделікті бақылауда ұстау ұсынылды», – деп жазды ол.

Сөзінше, медицина мамандары кездесуден кейін Жыланбаевтың денсаулығын «қанағаттанарлық» деп бағалаған.